Қарағанды облысында ГРЭС-ке 55 миллион теңге айыппұл салынды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы өңірдегі экологиялық жағдайды бақылау барысында «ГРЭС Топар» ЖШС тарапынан заң бұзуды анықтады.

Топар кентінде жүргізілген тексеру барысында кәсіпорынның суару және күл үйінділерінің учаскелерін кезең-кезеңмен құрғату кезінде экологиялық талаптарды сақтамауы салдарынан ауаның шамадан тыс шаңдануы тіркелді.
Қарағанды облысының Экология департаментіне «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 26-бабына сәйкес тексеру жүргізу туралы талап жолданды.
— Экология департаменті жүргізген тексеру заң бұзушылық фактілерін растады. Күл үйіндісін рекультивациялау қоршаған ортаға шығаруға рұқсатсыз және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілгені анықталды, — делінген Қарағанды облысының прокуратурасы хабарламасында.
Тексеру қорытындысы бойынша «ГРЭС Топар» ЖШС-ға 55 миллион теңге айыппұл салынды.
Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманың сақталуын және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдауды қадағалауды жалғастырады.
Айта кетелік Қарағандыда заңсыз жекешелендірілген мектеп ғимараты мен жер телімі мемлекетке қайтарылған еді.