Қарағанды облысында инвесторларға жер беруден заңсыз бас тартқан екі шенеунік жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысында жыл басынан бері прокуратураның араласуымен кәсіпкерлерге қатысты 906 мемлекеттік шешім қаралып, бірқатар заңсыз шектеудің жолы кесілді. Нәтижесінде бизнес өкілдеріне жалпы сомасы 40 млн теңгеден асатын айыппұл салуға жол берілмеді.

Қарағанды облысында инвесторларға жер беруден заңсыз бас тартқан екі шенеунік жазаланды
Фото: freepik

Прокуратураның мәліметінше, «прокурорлық сүзгі» тетігі арқылы 19 негізсіз тексеру тағайындау әрекеті тоқтатылған. Сондай-ақ «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына қатысушымен жасалған шартты бұзуға жол берілмеді. Бұдан бөлек, жеті рұқсат құжатын беруден бас тарту және бес инвесторға қатысты шектеу шараларын қолдану тоқтатылды.

Жалпы сомасы 40 млн теңгеден асатын 31 әкімшілік айыппұл салуға да жол берілмеген.

Кәсіпкерлікке заңсыз араласудың жекелеген деректері бойынша да шара қабылданды. Атап айтқанда, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдарының «FLSmidth» ЖШС-ға қатысты тексеруді прокуратурамен келіспей тағайындағанын анықтады.

Прокурордың наразылығынан кейін тексеру туралы нұсқама мен оған байланысты шешімдердің күші жойылды. Ал салық органының лауазымды тұлғасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 175-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Сонымен қатар заңды күшіне енген сот актілерін талдау барысында Қарағанды қаласы әкімдігінің жер учаскелерін беруден бас тарту туралы екі шешімінің заңсыз екені анықталды.

Осы деректер бойынша екі әкімшілік іс қозғалып, ӘҚБтК-нің 173-бабының 1-бөлігіне сәйкес екі лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 865 мың теңге айыппұл салынды.

Облыс прокуратурасы әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың заңды мүдделерін қорғау жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

Кәсіпкерлер мен инвесторлар заңсыз тексерулерге, негізсіз шектеулерге немесе мемлекеттік органдар тарапынан өзге де заңбұзушылықтарға тап болса, +7 (778-44) 4-66-94, +7 (701) 544-08-59 нөмірлеріне немесе 115 Call-орталығына хабарласа алады.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада инвесторға заңсыз шара қолданған басқарма басшысына айыппұл салынғанын жазған едік.