Қарағанды облысында қазан айына ауа райы болжамы

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысында қазан айы табиғаттың алуан қырын көрсетпек. Жылы да шуақты күндерді суық түндер алмастырып, алғашқы қар мен боран да сезілмек. 

Көктайғақ, боран: 2 қарашаға арналған ауа райы болжамы
Фото: pexels.com

«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, ай жалпы климаттық норма шегінде өтеді, алайда күздің тосын мінезі де жиі байқалады.

Қазанда орташа температура +4,2…+8,8°С деңгейінде болжанып отыр. Бұл көпжылдық нормаға (+3,3…+8,1°С) сәйкес келеді. Жауын-шашын да қалыпты мөлшерде — 8-ден 30 миллиметрге дейін түседі деп күтіледі.

Бірінші онкүндік
Айдың басы тұрғындарды жылы күндерімен қуантады. Түнгі ауа райы -3…-8°С мен +1…+2°С аралығында ауытқиды. Ал оңтүстікте түнгі температура +5…+10°С-қа жетеді. Күндіз ауа +17…+22°С-қа дейін көтеріледі. Дегенмен онкүндіктің соңына қарай салқын түсіп, түнде -1…-6°С, күндіз +8…+13°С шамасында болады.

Екінші онкүндік
Қазанның ортасында ауа райы құбылмалы болмақ. Түнде -1…-6°С пен +3…+8°С аралығында болса, күндіз +8…+13°С-тан +18°С-қа дейін жылы болады. Онкүндіктің соңында күн қайтадан жұмсарып, ауа температурасы +12…+17°С шамасында күтіледі.

Үшінші онкүндік
Айдың соңында күз қысқа ұласып, алғашқы қатты суықтар басталады. Түнде -11°С-қа дейін төмендеуі ықтимал. Күндіз ауа 0…+9°С аралығында сақталады, кей өңірлерде +13…+18°С-қа, ал оңтүстікте +21°С-қа дейін көтеріледі. Бұл уақытта жауын-шашын жиілеп, ылғалды қар түсуі мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, қазан айы желді болмақ. Айдың бірінші онкүндігінің соңында және екінші жартысында екпіні 15–20 м/с-қа дейін жететін қатты жел тұрады. Үшінші онкүндіктің басы мен соңында боран соғып, тұман мен көктайғақ та жиі байқалады.

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша «Қазгидромет» филиалы мамандары қазанды күз бен қыстың тоғысқан ерекше кезеңі деп сипаттайды.

– Облыс тұрғындары ауа райының күрт өзгерісіне дайын болуы тиіс. Жылы күндер аяқ астынан үсік пен алғашқы боранға ауысуы ғажап емес, — дейді синоптиктер.

Сонымен қатар, мамандар алаңдауға негіз жоқ екенін де атап өтті.

– Жалпы қазан айының ауа райы климаттық нормадан ауытқымайды. Жауын-шашын да орташа деңгейден аспайды, — деп нақтылады филиал өкілдері.

Осыған дейін Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында қыстың алғашқы ызғары сезіліп, ауданның бірнеше ауылында алғашқы қар түсіп, табиғат әп-сәтте ақ жамылғаны жайлы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар