Қарағанды облысында орта ғасырға тән баланың зираты табылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысындағы Нұра ауданында археологтар орта ғасыр дәуіріне жататын, бүгінге дейін бұзылмай сақталған бала зиратын анықтады. Бірегей олжа Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің экспедициясы жүргізген далалық зерттеу кезінде табылған.

Археологтар бұрыннан белгілі «Изенді-6» қорымының аумағын зерттеу барысында көзге ілінбей келген қабірдің орнын анықтаған. Қазба жұмыстары кезінде ашылған жерлеу орны ежелден бері бұзылмай, бастапқы қалпында сақталған.

Қабірден 9–12 жас шамасындағы баланың қаңқасы, жебе ұштары, жылқының ер-тұрман жабдықтары мен былғары қалта табылды. Сондай-ақ марқұммен бірге көмілген ерекше сырға – сұрақ белгісі тәріздес металл әшекей – зерттеушілердің назарын аударды. Мұндай сырғалар XII–XIV ғасырлардағы қыпшақ тайпаларына тән әшекей бұйымдардың қатарынан саналады.




Антропологиялық сараптама нәтижесін антрополог Айкүміс Раисова жария етті. Остеологиялық талдау барысында бала тірі кезінде сол жақ иығын сындырып алған, алайда сүйек бала көз жұмбас бұрын бітіп үлгергені анықталған.
— Мұндай жерлеу өте сирек кездеседі. Қарағанды өңіріндегі орта ғасырлық ескерткіштер әлі толық зерттелмеген. Сондықтан бұл олжалар тарихи тұрғыда да, ғылыми тұрғыда да аса құнды, — дейді Сарыарқа археологиялық музейінің директоры Алексей Кукушкин.


Зертханалық радиокөміртекті талдау нәтижесіне сүйенсек, баланы XII–XIII ғасырлар аралығында жерлеген. Археологтар алдағы уақытта қосымша қазба жұмыстары мен зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.
— Табылған бұйымдарды спектралды талдау арқылы зерттеп, олардың металл құрамын анықтаймыз. Кейін барлық артефакті облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылады, — деп нақтылады Кукушкин.

Осыған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың археологиялық экспедициясы сақ дәуіріне жататын алтын әшекейлерді тапқаны жайлы жазған болатынбыз.