Қарағанды облысында полицейлер заңды талапқа бағынбаған жүргізушіні қуды
Қарағанды облысының полицейлері заңды талапқа бағынбаған жүргізушіні 100 шақырым жерге дейін қуды. Kazinform бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жол-көлік оқиғаларына жол бермеу мақсатында Қарағанды облысының аумағынан өтетін республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург тас жолының Қарағанды – Балқаш бағыты жабылғаны белгілі. Осыған орай Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кентінде көлік ағынын тоқтату мақсатында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі, облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальоны мен әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінен блок-бекет қойылды.
Балқаштан Қарағандыға қарай бағыт алып келе жатқан Toyota Highlander автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, жолдың қарсы бағытына шығып, Қарағандыға қарай бет алған. Осы кезде, патрульдік полиция батальонының взвод командирі А.Нақыпбеков және Шет аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Д.Әкімов аталған көлікті қызметтік автокөлікпен тоқтатпақ болған. Алайда жол талғамайтын көліктің жүргізушісі тәртіп сақшыларының алдыға шығып тоқтатуына кедергі жасап, жол бермеген. Сондықтанда тәртіп сақшылары қосымша полиция жасағын шақырып, 100 шақырым жол жүріп, Абай ауданына қарасты Жұмабек елді мекенінде бірақ тоқтаған. Тәртіп сакқшылары көлікті тоқтатқанымен жүргізуші көлік ішінен шықпай, полицейлерді біраз әуре-сарсаңға салды. Кейін көлікті мәжбүрлі түрде ашу туралы ескертпеден кейін, ол есігін ашқан. Көліктен шыққаннан кейін жүргізуші полицейлерге қарсылық танытып, оған қатысты қоян-қолтық ұрысының әдістері қолданылды.
Құқық бұзушы Шет аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің үш бабы, яғни жолдың қарсы бағытына шығу, жол-көлік оқиғасын жасауға жағдай тудыру, ішкі істер органы қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау бойынша хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар сотқа жолданды. Мәселен, жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 606-бабы 1-тармағына қатысты толтырылған хаттама бойынша жүргізушіге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл толтырылды.
Егер сот жүргізушіні кінәлі деп таныса, оған Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 613-бабы 1-тармағына қатысты 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл не болмаса 3 тәулікке дейін қамауға алу, 667-бабы 1-тармағына сәйкес 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу, сонымен қатар 596-бабы 3-тармағына сәйкес 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы көзделген.