Қарағанды облысында шаруа қожалығы карантинге жабылды

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде ұсақ малдың қырылуына байланысты карантин енгізілді. Жұқпалы аурудың салдарынан фермер 70-ке жуық қой мен ешкісінен айырылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

ірі қара
Фото: СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

Мал қырылу жағдайы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы М. Мамыраев ауылдық округінің «Чкалов» қыстағында тіркелген. Соңғы өлім-жітім 27 ақпанда тіркелген.

— 20 ақпанда өлекселерден алынған патологиялық сынамалардың зерттеу қорытындысымен инфекциялық энтеротоксемия қоздырғышы анықталды. Аурудың нәтижесінде 70-ке жуық қой-ешкі қырылған. Қойдың жұқпалы энтеротоксемиясы — жіті, жұғымтал емес, микроб уы денеге тарайтын, ішектің қанталауымен, жүйкенің бұзылуымен, ағзаның жалпы улануымен және бүйректің зардап шегуімен сипатталады. Аурудың қоздырғышы С және Д типтеріндегі микроорганизм — Clostridium perfringens болып табылады, — деп хабарлайды Қарағанды облыстық ветеринарлық инспекциясы.

Ветеринарлардың айтуынша, инфекция қоздырғыштарының споралары топырақта, ақпайтын суларда, мал азығында, мал қораларында, көңде сонымен қатар жануаралардың ішек-қарындарында сақталады.

Аталмыш факті бойынша шаруа қожалығында барлық сынамалар мен талдаулар жүргізілген. Сынақ хаттамасының және жүргізілген эпизоотологиялық тексеру актісінің негізінде ауыл әкімінің шешімімен шаруа қожалығының аумағында шектеу іс-шаралары белгіленді.
Сондай-ақ, осы фермада мамандар жануарларды егіп, аумақты дезинфекциялаған. Карантин жануарлардың соңғы ауру немесе өлім жағдайынан және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін күнтізбелік 20 күн өткен соң алынады.

Аудан әкімдігінен хабарлағандай, өлген жануарларға өтемақы қарастырылмайды.
Осыған дейін Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қойбағар су айдынында балық қырылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар