Теміржолда қаза тапқан төрт жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Тергеушілер Мойынты — Шығанақ аралығындағы теміржол учаскесінде мерт болған төрт жұмыскердің қазасының себебін анықтап жатыр. Ұлттық компания арнайы комиссия құрды, ал полиция қылмыстық іс қозғады.
Қарағанды облысында теміржол жұмысшыларының қаза болуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
— Шу станциясындағы желілік полиция бөлімі теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігі немесе пайдалану ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Қайғылы оқиға Шет ауданының Қаражаңғыл станциясында болған.
«Қазақстан темір жолы» дерегінше, оқиға Мойынты — Шығанақ учаскесінде болған: 17:15–те бағыт бойымен келе жатқан жүк пойызы машинисі жолдағы теміржолшыларды байқап, шұғыл тежеу қолданған. Ол сәтте Сарышаған станциясының жол жөндеу бригадасы рельсті ауыстыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатқан.
Алайда қабылданған барлық қауіпсіздік шараларына қарамастан, апатты болдырмау мүмкін болмады. Төрт жұмысшы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы арнайы комиссия құруды тапсырды. Оның құрамына ұлттық компанияның бас инженері, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС және магистральдық желі дирекциясының басшылары енді. Комиссия оқиға орнына жедел жетіп, тексерісті бастады.
Полиция қазіргі уақытта болған жағдайдың мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын нақтылады. ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Еске сала кетейік, Мойынты-Шығанақ учаскесінде төрт теміржолшы қаза тапты.