Қарағанды облысында туристік индустриялық аймақ құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Енді Қарағанды облысында туризм саласы да қарқынды дамиды. Ол үшін облыс әкімдігі әуежайларды қайта жаңғыртып, туристік индустриялық аймақ салуды жоспарлап отыр. 

Қарағанды облысында туристік индустриялық аймақ құрылады
Фото: ҚР Үкіметі

– Қарағанды мен Балқаш әуежайларын дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Қарағанды әуежайы жүк терминалы ретінде қайта жаңғырады. Ал Балқаш әуежайының реконструкциясы аяқталуға жақын. Бұл жоба әуежайдың өткізу қабілетін сағатына 80 жолаушыға дейін арттырып, Балқаштан ұшатын әуе бағыттарының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді, - дейді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Жақында облыста туристік индустриялық аймақ құрылады.

– Қызмет көрсету саласының маңызды бағыты – туризм. Президенттің тапсырмасы бойынша, ӘКК тетігі арқылы Балқашта инвесторларға шипажай мен қонақүй салу үшін екі жер телімі берілді. Туристік индустриялық аймақ құру жұмыстары басталды. Жер телімі анықталды, тұжырымдама әзірленіп жатыр. Автожол төселіп, электр және су жүйелері тартылған, - дейді аймақ басшысы.

Туризм саласын дамыту аясында жолдардың да сапасы біршама жақсарды.

– Қарағанды – Балқаш автожолының реконструкциясы қала арасындағы көліктердің еркін қатынауын едәуір жақсартып, болашақ индустриялық аймақты инвесторлар үшін одан ары тартымды етті, - дейді облыс әкімі.

Балқаштан бөлек, өңірдің тағы бір туристік бағыты – Қарқаралы.

– «Бұғылы» демалыс аймағын дамытып жатырмыз. Инженерлік желілер тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Инвесторларға қонақүй және демалыс аймақтарын салу үшін 75 гектар жер ұсынылады, - дейді Ермағанбет Бөлекбаев.

Жалпы, биыл облыстағы туризм саласын дамытуға 19 млрд теңге инвестиция салынған. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 23 миллиард теңгеге дейін өсуі мүмкін екенін айтады. Қарағанды облысына сапарлаған туристер саны 29 пайызға артып, жарты жыл ішінде 200 мыңға жеткен.

Соңғы жаңалықтар