Қарағанды облысындағы ауылдық мектептердің бірінде туберкулез анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы мектептердің бірінде туберкулезбен сырқаттану дерегі анықталды. Ата-аналар мектептің карантинге жабылмағанына алаңдап отыр. 

Қарағанды облысындағы ауылдық мектептердің бірінде туберкулез анықталды
Фото: freepik.com

Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылындағы орта мектепте туберкулезбен сырқаттану фактісі профилактикалық тексеру кезінде анықталған. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, сырқаты анықталған оқушы бұрын осы дерттен емделген екен. 

— Бұрын туберкулезбен есепте тұрған пациентті профилактикалық тексеру барысында аталған аурудың қайталанған асқынуы анықталды. Дерттің қайта өршуі жасөспірімнің жас ерекшелігіне байланысты гормондық қайта құру және иммунитеттің төмендеуі салдарынан болуы мүмкін, — деп хабарлады ведомстводан.

Басқа оқушылардың ата-аналары балалары мектепте туберкулез жұқтыруы мүмкін деп алаңдайды. Алайда, денсаулық сақтау басқармасы оқу орнында дезинфекция жүргізілгенін және дертке шалдыққан баламен байланыста болғандарға еш қауіп төнбейтінін айтады.

— Қазіргі уақытта пациент барлық қажетті ем-дом түрлерін стационарда алып жатыр. Жасөспірімнің оқу орны бойынша қорытынды дезинфекция жүргізілді. Барлық байланыста болған адам тексерілді. Жұқтыру фактілері анықталған жоқ. Оқушылардың ата-аналарына санитарлық-гигиеналық режимді сақтау және жұқтырудан қорғау шаралары жөнінде нұсқау берілді. Қашықтан оқытуды ұйымдастырудың қажеті жоқ, — деп толықтырды облыстың денсаулық сақтау басқармасында.

Бұрын хабарланғандай, Атырауда былтыр туберкулезге шалдыққан 764 адамға әлеуметтік көмек берілген.

Соңғы жаңалықтар