Қарағанды облысындағы дала өрті: әуе кемелері өрт ошақтарына 30 рет 50 тоннадан астам су төкті
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Қарағанды облысында тұтанған дала өртіне байланысты тың мәліметтерді жариялады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін сағат 18:30-дағы ақпарат бойынша Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі елді мекендеріне қауіп жоқ.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов қазір Қарағанды облысында.
Далалық өрт сөндіру штабтары жұмысын жалғастыруда, ол жерде ТЖД басшылығы бар.
«Ашық аумақта алдын ала ақпарат бойынша ауданы 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр. Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кіретін жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылуда. Табиғи өртті сөндіруге жұмылдырылған күштер мен құралдар 4 жауынгерлік учаскеге бөлінді. Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 30 рет 50-ден астам тонна көлемінде су төкті», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда Ұлттық ұлан, Кувский орманшылығынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілгені айтылады.
Қарқаралы ауданында 2 жылжымалы тамақтану пункті дайындалды, азық-түлік және заттай жарақтар қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істейді. Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады.
Осыған дейін Баянауылда өрт шалған жерлердің аумағы 10 мың гектарға жеткеннін жаздық.
Сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауындағы 5 гектар аумақта қамыс өртеніп жатқанын жаздық.