Қарағанды облысындағы трассаларда ең қауіпті жеті учаске анықталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Мамандар республикалық және облыстық жолдарды зерделеп, ең қауіпті бағыттарды белгіледі.
Осы учаскелерде қысқы кезеңде қауіпсіздікті арттыру мақсатында қосымша ескерту құралдарын орнату және жаңа технологиялық шешімдерді енгізу басталды.
Қарағанды облысында Полиция департаментінің мамандары «ҚазАвтоЖол» қызметкерлерімен бірлесіп, республикалық және облыстық автожолдардың жай-күйіне кешенді тексеріс жүргізді.
Негізгі міндет — жолдардың техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау, қыс маусымына дайындығын тексеру, сондай-ақ ауа райы нашарлаған жағдайда жолдарды уақытылы тазалау және қажет болса жабу шараларын бақылау болды.

Талдау қорытындысы бойынша, облыс аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жеті учаскеде жол-көлік оқиғалары тұрақты түрде тіркелетіні анықталды. Осы аралықтарда қосымша ескерту белгілерін орнату және жаңа техникалық шешімдерді қолдану басталды.
Осындай элементтердің бірі — Қарағанды–Қарқаралы трассасының жиегіне жағылған қызыл сигнал жолағы. Дәл осы жерде бұған дейін бес адамның өмірін қиған ауыр жол апаты тіркелген еді. Жолақ қараңғы уақытта жақсы көрінеді және қар басқанда да анық байқалады.
Мамандардың мәліметінше, оны енгізгеннен кейін бұл учаскеде жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.
Қысқы кезеңде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр.
Республикалық трассаларда жүргізушілерді ақпараттандыру үшін ірі электронды экрандар орнатылған. Олар облыстың әр өңіріндегі ауа райы жағдайын көрсетеді. Егер бір бағытта жол жабылса, кептелістердің алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көршілес учаскелерде де қозғалыс шектелуі мүмкін.
Бұдан бөлек, бірқатар трассада ауа райына байланысты жылдамдық режимін автоматты түрде реттейтін электронды белгілер енгізілген. Көріну шектелгенде немесе көктайғақ кезінде рұқсат етілген жылдамдық режимі 140 км/сағ жылдамдықтан 80–60 км/сағ дейін төмендейді. Бұл жол апаттарының алдын алуға ықпал етуі тиіс.
Мамандардың айтуынша, жолдарды тексеру және профилактикалық шараларды жүргізу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бұдан бұрын Қарағанды облысында жеті адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі жүргізушіге сот үкімі шыққанын жаздық.