«Қарағанды Су» мекемесінің екі қызметкері жұмыс барысында көз жұмды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда екі коммуналдық қызметкерінің мерт болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ер адамдар кәріз құдығында жөндеу жүргізу кезінде улы газдан уланып мерт болған. Қайғылы жағдайға байланысты тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр.

«Қарағанды Су» мекемесінің екі қызметкері жұмыс барысында көз жұмды
Фото: Pixabay.com

Оқиға жоспарлы жұмыс барысында орын алған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 29 және 46 жастағы «Қарағанды Су» ЖШС қызметкерлері кәріз құдығында орналасқан датчиктерді жөндеу кезінде күкіртті сутек тәрізді улы газбен уланған. Жұмысшылар оқиға орнында қаза тапқан.

— Екі ер адамның қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша, олар жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде канализациялық газға уланған. Қазіргі таңда қажетті сараптамалар тағайындалды, барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — делінген Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қайғылы жағдайға қатысты түсініктеме берген «Қарағанды Су» ЖШС де бұл ақпаратты растады:

— Аталған факт расталады. «Қарағанды Су» ЖШС-нің екі қызметкері қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Қазіргі уақытта арнайы комиссия жұмыс істеуде, сондай-ақ еңбек инспекциясы тарапынан тексеріс жүргізіліп жатыр. Ішкі қызметтік тергеу басталды, — деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Оқиға орнында еңбек инспекциясының өкілдері қатысатын арнайы комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Марқұмдардың өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық және техникалық сараптамалар тағайындалған. Қылмыстық іс еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты бап бойынша қаралып жатрыр. 

Осыған дейін Қарағандыда бірнеше көшеде суық су магистралінің тозу деңгейі 83%-дан 100%-ға дейін жеткені жайлы хабарлаған болатынбыз. Биыл тарифтерді өсіру арқылы жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлінбек.

Соңғы жаңалықтар