Қарағанды тұрғындарының электр энергиясына берешегі 1,8 млрд теңгеден асты

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда тұтынылған электр энергиясының ақысын уақытылы төлемейтіндер аз емес. Қала тұрғындарының электр энергиясына берешегі 1,8 млрд теңгеден асқан. «Қарағанды Жарық» ЖШС өкілдері төлем жасау мерзімі, қарыз өтелмеген жағдайда қолданылатын шаралар және кәсіпорын қызмет көрсететін электр желілерінің ауқымы туралы айтып берді.

Қарағанды тұрғындарының электр энергиясына берешегі 1,8 млрд теңгеден асты
Фото: Freepik

«Қарағанды Жарық» ЖШС мәліметінше, 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қала тұрғындарының электр энергиясы үшін қордаланған берешегі шамамен 1,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл — тұтынушылардың пайдаланып қойған электр энергиясы үшін төлеуге тиіс, бірақ әлі күнге дейін өтелмеген қарызы.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, коммуналдық қызмет ақысын әр айдың 25-іне дейін төлеу қажет. Төлем алдыңғы айда тұтынылған электр энергиясы үшін жасалады. Мәселен, қараша айының 25-іне дейін тұрғындар қазан айында пайдаланған электр энергиясының ақысын өтеуге тиіс.

Кәсіпорын өкілдері төлем белгіленген мерзімде жасалмаса, тұтынушыға өсімпұл есептелетінін ескертеді. Ал берешек бірнеше есептік кезең бойы өтелмей, жиналып қалса, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу үшін тиісті құжаттар сотқа жолдануы мүмкін.

Бұдан бөлек, электр энергиясының ақысын төлемеген тұтынушыларға қатысты оны ажырату шарасы да қолданылады. Алайда электр қуатын ажыратпас бұрын абонентке бұл туралы алдын ала ескерту жіберіледі.

— Егер тұтынушы берешегін өтемесе, біз оған электр энергиясын беруді тоқтату туралы хабарлама жолдауға мәжбүр боламыз. Одан кейін электрмен жабдықтауды шектеу жөнінде шешім қабылданады. Ал бірнеше есептік кезең бойынша берешегі бар тұтынушыларға қатысты құжаттар қарызды сот тәртібімен мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жолданады, — деп хабарлады «Қарағанды Жарық» ЖШС.

Тұрғындарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, ауқымды инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Кәсіпорынның теңгерімінде жалпы ұзындығы 5 253 шақырым әуе электр желісі мен 1 744 шақырым кабельдік желі бар.

Электр желілерінің едәуір бөлігі Қарағанды қаласының аумағында орналасқан. Қалада энергетиктер 2 321 шақырым әуе желісі мен 1 472 шақырым кабельдік желіге қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 32 қосалқы станция, 41 тарату пункті және 1 541 трансформаторлық қондырғы кәсіпорынның қарамағында.

Қызмет көрсетілетін инфрақұрылымның ауқымы тұтынушылар санынан да байқалады. Кәсіпорынның жауапкершілік аймағында 3 102 көппәтерлі тұрғын үй мен 30 491 жеке тұрғын үй бар.

Компания өкілдері электр энергиясын жеткізушілер мен өзге де серіктестер алдындағы қаржылық міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындауға тиіс екенін атап өтті. Шарттарда көзделген төлемдер уақытылы жасалуы қажет. Сондықтан тұтынушылардың берешегі қордаланған сайын кәсіпорынның қаржылық есеп айырысуына да салмақ түседі.

Қарызын өтемеген тұтынушылармен жұмыс қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі. Ал төлемнің уақытылы түсуі кәсіпорынға электр желілерін күтіп ұстау жөніндегі міндеттемелерін орындап, тұтынушыларды үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа электр энергетикасы нысандарын іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатынбыз.