Қарағанды ЖЭО: модернизацияға 44 млрд теңгеден астам инвестиция салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында өңірдің негізгі энергетикалық нысандарының 2025–2026 жылғы жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді.

Министрдің айтуынша, Үкіметтің тапсырмасымен қысқа дайындық кабинеттерде есептер арқылы емес, тікелей нысандарға барып, нақты дайындықты көзбен көру арқылы бақыланады.
Топар ГРЭС-іне барғанда министр турбоагрегатты ауыстырудың соңғы кезеңімен танысты. Жаңа жабдықты іске қосу ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған және ол өңірдегі жылу беру сенімділігін арттырады. Сонымен қатар, станцияда жаңа күл-қоқыс алаңының құрылысы қарқынды жүруде. Ал Топар кентінде қызметкерлерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынады.
— Жылдар бойы шешілмеген бірқатар мәселе барын білеміз, бірақ бүгін нақты нәтижелерді көру маңызды. Топар ГРЭС-інде қуаты жоғары жаңа турбина іске қосылады. Қармет ЖЭО-2-де жетінші қазандықтың іске қосу жұмыстары аяқталуда, ал Шахтинск ЖЭО тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл — нақты тапсырмалардың орындалуының көрінісі, — деді Ерлан Ақкенжанов.
Сапар барысында қаржыландыру мәселесі де сөз болды. Топар ГРЭС-іне 2025–2026 жылдарға арналған жөндеу және инвестициялық бағдарламаға 34,6 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, өңірдің жылу жүйелерін жаңартуға биыл 10 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Негізгі инвестициялық жобалардың бірі — Жезқазған қаласында 75 МВт қуатты бу-газ қондырғының құрылысы, бұл өңірдегі электр қуаты тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Министр кәсіпорын қызметкерлерімен де тілдесіп, жұмыс барысын бағалады.
Энергетика министрлігі еліміздің энергетикалық нысандарының қысқа дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстайды. Барлық жөндеу жұмысы жоспарға сай жүргізіліп жатыр және Үкіметтің бақылауында.
Айта кетелік Энергетика министрлігі Екібастұзда жаңа электр станциясын салуға тендер жариялаған еді.