Қарағанды ЖЭС-1 жылу тарифін көтеруді ұсынды: шешім 1 айда қабылданады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қарағанды ЖЭС-1 операторы «Nova Novatis LTD» жеке компаниясының тарифіне қатысты қоғамдық тыңдау өткізді.

Өскемендегі жылу тапшылығы: Жылу орталығы кеңейтіліп, жаңа қазандық орнатылмақ
Фото: uktets.kz

Тыңдауды Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті ұйымдастырды.

Компания директоры Сергей Кривовтың айтуынша, жылу энергиясын өндіру тарифін бір жыл мерзімге бекіту ұсынылған. Егер мақұлданса, ол 2025 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

Қолданыстағы тариф 1 Гкал үшін 8201,31 теңге тұрады, ал жаңа тарифке сәйкес, 1 Гкал үшін 11 585,36 теңге ұсынылып отыр.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, тариф мөлшері барлық жоспарланған шығынды жабуға және жылыту маусымында ЖЭС-1-дің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қарағанды ЖЭС-1 Теміртауда орналасқан және қаланың батыс бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның балансында жылу желілері жоқ. Электр станциясы аралас режимде жұмыс істеп, әрі электр, әрі жылу энергиясын өндіреді.

Жылу өндіру бойынша жоспарланған қызмет көлемі жылына 80 330 Гкалды құрайды. Негізгі тұтынушылар:

— «Оқжетпес-Т» ЖШС — жалпы көлемнің 86,4%-ы;
— «ТЭМК» АҚ — 12,1%;
— «ТЛЗ» ЖШС — 1,2%;
— СДЮШОР КММ — 0,3%.

Айта кетейік, «Астана-Теплотранзит» АҚ 2025 жылғы қыркүйектен бастап жылу тарифінің көтерілуі туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын. 

Соңғы жаңалықтар