Қарағандыда 2027 жылға дейін қандай ірі жобалар іске асады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Жаңа жолдар, мектептер мен спорт нысандары жылу электр орталықтары мен коммуналдық желілерді жаңғыртумен қатар бой көтеріп жатыр. Қаланың ішкі келбеті қалай өзгеріп келеді және алдағы жылдары оның дамуына қандай жобалар әсер етеді. 

Қарағанды жаңа ауқымға бет бұруда
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды өнеркәсіптің айналасында қалыптасып, дамуға үйренген қала. Оның бүгінгі келбеті жылдар бойы кәсіпорындармен, тұрғын аудандармен және инженерлік желілермен бірге қалыптасты. Енді қаланың алдында басқа міндет тұр — мұра болып қалған инфрақұрылымды сақтап қана қоймай, алдағы ондаған жылға есептелген жаңа инфрақұрылым қалыптастыру.

Мұны әдетте алғашқы апатқа дейін көзге түсе бермейтін саладан — коммуналдық желілер мен энергетикадан бастауға тура келеді. Өңірде желілердің тозу деңгейі 62%. Сондықтан қалыпты жөндеу жұмыстары біртіндеп ауқымды жаңғыртуға жол беріп келеді.

 Азамат Тайжанов
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

— Сенімді коммуналдық инфрақұрылымсыз өңірді дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру туралы айту мүмкін емес. Сондықтан бүгінде біз желілерді жөндеп, жаңартып қана қоймай, болашақтағы дамуға берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастырып жатырмыз, — дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов.

Биыл жылу беру маусымына дайындыққа 196 млрд теңге қарастырылған. Жұмысқа 1381 шақырым инженерлік желі, 604 жергілікті қазандық, 6105 көппәтерлі тұрғын үй және 1116 әлеуметтік нысан тартылған.

Сонымен қатар энергетика саласы да жаңғыртылып жатыр. 2025 жылы Karmet компаниясының ЖЭО-2 станциясында жылу қуаты сағатына 80 Гкал және электр қуаты 60 МВт болатын жаңа қазандық салынды. Топардағы ГРЭС-1 станциясында қуаты 130 МВт турбина ауыстырылды. Қарағандыда жылу қуаты 180 Гкал/сағ және электр қуаты 140 МВт болатын ЖЭО-3-тің жаңа қазандығының құрылысы жалғасып жатыр. Ал Балқаш ЖЭО-да жылу қуаты 56 Гкал/сағ және электр қуаты 65 МВт болатын жоба жүзеге асырылып жатыр.

Азамат Тайжановтың айтуынша, істелген жұмыс Qarmet ЖЭО-2, Балқаш және Шахтинск ЖЭО-ларын «қызыл аймақтан» шығаруға мүмкіндік берген. Енді ең проблемалы нысандардың қатарында Теміртаудағы КарМАЭС-1 қалып отыр. Оны алдағы екі жылда «қызыл аймақтан» шығару жоспарланған.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту тұрғындарға әлдеқайда айқын сезілетін өзгерістермен қатар жүріп жатыр.

Аудандар өзара байланысуы тиіс

Осындай жобалардың бірі — Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын жаңа жол. Оның ұзындығы шамамен алты шақырым. Автожол жаңа шағынаудан мен Көгілдір тоғандар арқылы өтеді. Негізгі жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Жаңа жол көлік ағынын қайта бөліп, аудандар арасындағы байланысты жақсартуға тиіс. Ол пайдалануға берілгеннен кейін қала билігі қоғамдық көліктің қозғалыс схемасын қайта қарап, қосымша автобус бағыттарын іске қосуды қарастырады.

Мейрам Кожухов
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

— Жол құрылысы — алғашқы кезең ғана. Ол пайдалануға берілгеннен кейін көлік ағынының қалай өзгеретінін бақылап, соған қарай қоғамдық көлік бағыттарын түзету қажет болады, — деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Дамудың тағы бір ірі бағыты — қаланың жаңа орталығы. Мұнда болашақта 55 тұрғын үй кешені, 7 мыңнан астам пәтер, бес мектеп, жеті балабақша және аурухана кешені салынуы көзделген.

— Біздің міндетіміз — жай ғана шаршы метр салу емес. Тұрғын үймен бірге жолдар, мектептер, балабақшалар, қоғамдық кеңістіктер де пайда болуы керек. Сонда ғана толыққанды қалалық аудан туралы айтуға болады, — деп есептейді Кожухов.

Спортқа 75 гектар

Тағы бір ауқымды жоба — аумағы 75 гектардан асатын спорттық кластер. Оның құрамына 12 мың көрерменге арналған стадион, әмбебап және мұз ареналары, жеңіл атлетика манежі, футбол академиясы, мектеп-интернат-колледж және басқа да нысандар кіреді.

Жаңа стадион UEFA-ның төртінші санатына сәйкес келеді. Футбол академиясында жаттығу алаңы, жабық манеж және 60 орындық кампус болады.

Қарағанды жаңа ауқымға бет бұруда
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Әмбебап арена 5 мың көрерменге есептелген. Мұнда бассейн және оннан астам олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін жағдайлар қарастырылған. Мұз аренасында ұзындығы 400 метр жол, екі хоккей корты және үш ойын залы болады.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жеке нысан да қарастырылған. Онда бассейн, таэквондо және дзюдо залдары, жаттығу және ойын залдары орналасады.

— Біз бірнеше спорт нысанын ғана емес, біртұтас жүйе құрғымыз келеді. Бала спорт секциясына келіп, кейін спорт мектебінде оқуын жалғастыра алуы, ал кәсіби спортшылар жаттығу мен жарыстар өткізуге қажетті жағдайға ие болуы керек, — деп түсіндірді қала әкімі.

Жасыл Қарағанды

Тағы бір өзгеріс төрт көл аумағымен байланысты. Мұнда экопарк құрылып жатыр. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: алдымен үшінші және төртінші көлдердің айналасы абаттандырылып, кейін бірінші және екінші көлдердің аумағы қолға алынады.

Қарағанды жаңа ауқымға бет бұруда
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Мұнда серуендеу бағыттары, жасыл аймақтар мен демалыс орындары пайда болады. Ағаш егу жұмыстары жүргізіліп қойды, абаттандыру жалғаса береді.

— Қала тұрғындарына белгілі бір қажеттілікпен ғана емес, жай ғана уақыт өткізу үшін келетін орындар керек. Серуендеп, балаларымен демалып, таза ауада болуға мүмкіндік болуы тиіс. Экопарк дәл осындай кеңістікке айналуы керек, — деді Мейрам Кожухов.

Осылайша Қарағанды бірнеше бағыт бойынша қатар өзгеріп келеді. Жер астында инженерлік желілер жаңартылып жатса, қаланың өзінде жаңа жолдар мен аудандар бой көтеріп жатыр. Олармен бірге мектептер, спорт нысандары және демалыс орындары да пайда болады.

Ең басты өзгеріс — қаланың дамуы жекелеген құрылыс жобаларымен ғана шектелмей барады. Коммуналдық инфрақұрылым, көлік, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер біртұтас жүйеге біртіндеп бірігіп келеді. Егер жоспарланған жобалар белгіленген мерзімде жүзеге асса, Қарағанды өзінің дамуының келесі кезеңіне қажетті инфрақұрылымдық негізге ие болады.