Қарағандыда аға уәкілетті өкіл жазасын өтеушіні азаптағаны үшін сотталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот сотталған адамға қатысты азаптау іс-әрекеттерін жасаған Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға уәкілетті өкіліне қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Қызметкер Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы мемлекеттікқызметте және құқық қорғау органдарындақызмет атқаруға тыйым салынады.
Сотталушы «әділет капитаны» арнайы атағынан айырылды және ол Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына айыппұл төлейді. Мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасы ҚАЖД қызметкерлері үшін сот процесін тікелей эфирде көрсетуді ұйымдастырды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді облыс прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізді.
Бұған дейін Қарағанды облысында көктайғақтан 22 жол-көлік оқиғасы болып, 1 жаяу жүргінші қаза тапқанын жазған болатынбыз.