15:16, 02 Қараша 2023 | GMT +5
Қарағандыда автобус қаққан жаяу жүргінші мерт болды
Қарағандының орталық көшелерінің бірінде автобус жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды, деп хабарлайды Кazinform тілшісі.

Жазатайым оқиға бүгін, 2 қараша күні сағат 10:50–де Бұқар жырау даңғылындағы «Шығыс» базары маңында болған.
39 жастағы автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті.
«Апат салдарынан 45 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды. Жол-көлік оқиғасы кезінде автобус салонында 15 жолаушы болған, зардап шеккендер жоқ. Болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Аталмыш факт полицияда тіркелген. Қажетті сараптамалар тағайындалды», — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.