Қарағандыда дәрігерлерге қол көтерген екі адам жазаланды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыдағы облыстық балалар ауруханасында дәрігерлерге шабуыл жасаған ер адам екі ай мерзімге қамауға алынды. Онымен бірге болған екінші азамат 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дәрігерлерді ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Соттың санкциясымен басты күдікті екі айға уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғаға қатысы бар екінші азамат — негізгі күдіктінің жақын туысы — полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны және медицина қызметкерлеріне балағат сөздер айтқаны үшін жауапқа тартылды.
- К. есімді азаматтың кінәсі бейнебақылау камерасындағы жазбалар мен жинақталған іс материалдары негізінде дәлелденді. Қарағанды қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 80-1-бабы 2-бөлігі (медицина қызметкеріне құрмет көрсетпеу), 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және 667-бабы 1-бөлігі (полиция талабына бағынбау) бойынша кінәлі деп танылып, ӘҚБтК-нің 58-бабы 2-бөлігіне сәйкес 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, - деп мәлімдеді Қарағанды қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұл оқиға 12 маусым күні болған. Қарағанды облысының 38 жастағы тұрғыны медициналық мекемеде туындаған жанжал кезінде екі дәрігерге дене жарақатын салған. Полицейлер оны оқиға орнында ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.