Қарағандыда ер адам балалар алаңында жасөспірімге күш қолданды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Қарағандыда ересек адам мен кәмелетке толмаған баланың қатысуымен болған оқиғаның видеосы тарады. Полиция барлық қатысушыны анықтап, тексеру жұмыстарын бастады.

Қарағандыда ер адам балалар алаңында жасөспірімге күш қолданды
Фото: Видеодан скрин

Қарағандыда балалар алаңында болған оқиғаға байланысты дау өршіп келеді — әлеуметтік желілерде 12 сәуір күні Трудовая көшесінде түсірілген видео кеңінен тарады.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға балалар арасындағы қарапайым жанжалдан басталған. Алайда жағдай қатысушылардың бірі ата-анасына хабарласқаннан кейін күрт ушыққан. Оқиға орнына келген ер адам дауды шешудің орнына бөтен балаға күш қолданған.

Видеодан көрінгендей, ер адам алдымен кәмелетке толмаған баланы мойнынан ұстап, қылғындырып, сілкілеген. Соның салдарынан бала жерге құлап, тынысы тарылған. Бұл бейне қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын күшейтті.

Қарағанды облысы Полиция департаменті оқиғаға қатысы бар тұлғалардың барлығы анықталғанын хабарлады.

— Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Қарағанды қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында кәмелетке толмаған бала мен ересек ер адам арасындағы жанжал түсірілген видео анықталды. Аталған факті бойынша полицияға ешқандай арыз-шағым түспеген. Соған қарамастан полиция қызметкерлері жедел түрде оқиғаға қатысқан барлық тұлғаны анықтады. Олар болған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді. Қазір жанжалдың туындауына себеп болған мән-жайларды анықтауға бағытталған жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша әрбір қатысушының әрекетіне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Полиция департаменті кез келген жанжал тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс екенін атап өтеді. Себептері мен жағдайларына қарамастан, заңға қайшы әрекеттерге жол беруге болмайды. Сонымен қатар құқық қорғау органдары тексеру қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын атап өтті.

Еске салайық, 2026 жылғы 13 наурыз күні түстен кейін Атырау қаласындағы мектептердің бірінде тоғызыншы сынып оқушысы сегізінші сынып оқушысын өткір затпен жарақаттаған болатын

Соңғы жаңалықтар