Қарағандыда қатты жел 5 көлікті зақымдады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қатты желдің салдарынан Қарағандыда ағаштар құлап, автокөліктер зақымданды. Құлаған ағаштар мен бұтақтарды жинап, жолдар мен аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қарағандыда қатты жел 5 көлікті зақымдады
Фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

Бүгін Қарағандыда 23 ағаштың құлағаны тіркелді. Оның 18-і Әлихан Бөкейхан ауданында, тағы бесеуі Қазыбек би ауданында құлаған.

Салдарынан бес автокөлік зақымданды. Зардап шеккендер жоқ.

Қарағанды әкімдігінің мәліметінше, құлаған ағаштардың басым бөлігі ірі әрі көпжылдық ағаштар болған. Олардың арасында қураған ағаштар болмаған. Ағаштар қатты жел екпініне шыдас бермей құлаған.

Қарағандыда қатты жел 5 көлікті зақымдады
Фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

— Келіп түскен барлық өтініш бойынша мамандар жедел жұмыс жүргізіп жатыр. Құлаған ағаштар мен бұтақтар кесіліп, шығарылуда, жолдар мен аумақтар тазартылуда. Ағаштар инженерлік коммуникациялардың күзет аймақтарында орналасқан жерлерде жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тиісті қызметтермен бірлесіп жүргізіледі, — деп хабарлады қала әкімдігінен.

Әкімдік мәліметінше, құлаған ағаштардың едәуір бөлігі кондоминиум нысандарының аумағында, сондай-ақ жылу және электрмен жабдықтау желілерінің күзет аймақтарында болған.

Бұған дейін Қарағанды тұрғындарына ауа райының қолайсызданатыны және қатты жел соғатыны туралы 112 жүйесі арқылы ескерту жіберілген. Бұл туралы Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті де SMS хабарламалар арқылы тұрғындарға мәлімдеген.

Қала әкімдігі қатты жел кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Тұрғындарға ағаштардың, электр беру желілерінің және орнықсыз құрылымдардың маңында жүрмеу ұсынылады. Автокөліктерді мүмкіндік болса ашық әрі қауіпсіз жерлерге қойған жөн.

Бұған дейін 6 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлайтыны болжанғаны хабарланған болатын.