Қарағандыда кей пәтерге жылу неге әлі жетпеді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда жылу беру маусымы басталғанымен, кейбір тұрғын үйлердегі пәтерлер әлі де толық жылынған жоқ. Қазір қалада тұрғындардан түскен өтініштер қаралып, жылу құбырларында жиналған ауаны шығару, жылыту жүйесін реттеу және үйлердің ішіндегі ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Отопление подключают раньше запланированного срока в Жетісу
Фото: ИИ/Kazinform

Қарағандыда орталықтандырылған жылу жүйесіне 2 695 көппәтерлі тұрғын үй мен әлеуметтік саланың 266 нысаны қосылған. Қалалық қызметтердің мәліметінше, барлық тұрғын үй мен әлеуметтік нысанға жылу жеткізілген.

Алайда жылудың үйге дейін берілуі пәтердің бірден жылып кетуін білдірмейді. Қала әкімдігінің мәліметінше, кейбір үйлерде жылу құбырларында жиналған ауаны шығарып, үй ішіндегі жылыту жүйесін реттеу қажет. Ал жекелеген пәтерлерден ақау анықталған жағдайда мамандар тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мәселенің тағы бір бөлігі тұрғындардың немесе ведомстволық ұйымдардың қарауындағы жылу желілерінің жекелеген учаскелеріне қатысты. Мұндай жағдайда да жылу жүйесін қосымша ретке келтіру жұмыстары қажет.

— Қазір біздің басты міндетіміз — жылу берудің басталғаны туралы есеп беру ғана емес, әр тұрғынның өтінішін жедел қарап, мәселені нақты шешу. Егер пәтерде суық болса, оның нақты себебін — үй ішіндегі жылыту жүйесінің жағдайынан бастап, пәтердің өзіндегі ақауға дейін — анықтап, оны МИБ, ПИК және реттеу қызметінің мамандарымен бірлесіп жою қажет, — деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Әкімдік мәліметінше, тұрғындардың өтініштері МИБ немесе ПИК өкілдерімен және «Теплотранзит» ЖШС-нің реттеу қызметі мамандарымен бірлесіп қаралады. Мамандар жылудың берілмеуіне немесе пәтердің жеткілікті деңгейде жылынбауына не себеп болғанын анықтап, қажетті шараларды қабылдауы тиіс.

Егер батареялар суық болса немесе тиісті деңгейде жылымаса, тұрғындар диспетчерлік қызметтерге хабарласа алады.

«Теплотранзит» ЖШС-нің диспетчерлік қызметтері:

Орталық жедел-диспетчерлік қызмет — 56-17-79

Совет эксплуатациялық ауданы — 42-22-26

Оңтүстік-Шығыс эксплуатациялық ауданы — 77-50-04

Октябрь эксплуатациялық ауданы — 45-21-92

Киров эксплуатациялық ауданы — 53-05-65

Теміржол эксплуатациялық ауданы — 47-29-60

Реттеу қызметі — 56-51-05

Аудан әкімдіктерінің диспетчерлік қызметтері:

Қазыбек би атындағы аудан — 41-42-46

Әлихан Бөкейхан атындағы аудан — 37-06-42

Бұған дейін Қарағанды облысында жылу беру маусымы кезең-кезеңімен басталғаны хабарланған болатын. 2 қазандағы мәлімет бойынша, 756 әлеуметтік нысан мен 1 661 көппәтерлі тұрғын үйге жылу берілген.