Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, 35 адам құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағанды қаласында 10 қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде электр кабельдерінің өрті тіркелді. Қалың түтін жоғарғы қабаттардағы тұрғындарға қауіп төндірген, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Оқиға бүгін Мұқанов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің жертөлесінде болған. Өрт қатты түтінмен, өткір иіспен және кіреберісте түтіннің тез таралуымен қатар жүріп, тұрғындардың өз бетінше сыртқа шығуын қиындатқан.
- Оқиға орнына келген ТЖД күштері жедел барлау жүргізіп, адамдарды құтқаруға және эвакуациялауға кірісті. Құтқару қалпақтарын пайдалана отырып, өрт сөндірушілер 15 адамды, оның ішінде 5 баланы құтқарды. Сонымен қатар 20 адам, оның ішінде 5 бала эвакуацияланды, - делінген ақпаратта.
Адамдарды жылыту үшін арнайы вахталық автобус жұмылдырылған.
ТЖМ мәліметінше, өрт сөндірушілердің дер кезінде және кәсіби әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, Іле-Алатау ұлттық паркіндегі өртті сөндіруге тікұшақ тартылды.