Қарағандыда мектепке барып, оқушыларды атамын деп қорқытқан 13 жасар бала болып шықты

мектеп
Фото: Pexels

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының полицейлері терроризм туралы хабарлама таратқан адамды ұстады. Жалған хабарды 13 жасар жасөспірім таратқан.

Қарағанды облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс мектептерінде оқушыларды атамын деп хабарлама таратқан Telegram арнасының әкімшісін әрі авторын ұстады.

Белгілі болғандай, 13 жасар Қарағанды тұрғыны әлеуметтік желіден терроризм тақырыбындағы ақпаратты көріп, «Очищение Караганды» деген атаумен өз арнасын ашқан.

Осыдан кейін ұсталған азамат облыс төңірегіндегі мектептерде терроризм актісі дайындалып жатқаны жайлы ақпарат таратқан.

«Қазіргі уақытта Telegram арна өшірілді. Полиция қызметкерлері бұл қылмысқа шетелде жүрген адамдардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Полиция органдары шұғыл қызметтердің шығынын өтеу бойынша сотқа талап арыз береді. Баланың ата-анасы Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Тергеу жүріп жатыр», — деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, кеше 12 ақпанда әлеуметтік желіде Қарағанды мектептерінде лаңкестік әрекет дайындалып жатқаны туралы хабарлама тарап кеткен болатын. 

Полиция қызметкерлері оқу орындарының маңында бақылауды күшейтті.  

Соңғы жаңалықтар