Қарағандыда нәресте «саудасына» қатысты іс бойынша сот үкімі шықты
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда жаңа туған сәбилерді биологиялық анасынан баласы жоқ отбасыларға заңсыз беру ісіне қатысты резонансты сот процесі аяқталды. Екі айыпталушы сот залында қамауға алынса, тағы төртеуі шартты жаза алды.

Резонанс тудырған бұл іске нүкте қойған үкімді Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Дулат Бурабаев шығарды.
Іс Қылмыстық кодекстің 135-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы бойынша қаралды. Тергеу нұсқасына сәйкес, «бала асырап алу» рәсіміне қалалық перзентхананың медбикесі көмектескен. Бастапқыда сәбилерді жаңа отбасына беру ақылы түрде жүзеге асқан болуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда ақша берілгені дәлелденбегендіктен, іс балалар саудасы емес, кәмелетке толмағандарды заңсыз беру ретінде қайта сараланды.
Тергеу дерегінше, биологиялық ана 2022 жылы дүниеге келген қызын және 2023 жылы туған ұлын босанғаннан кейін бірден басқа адамдарға берген. Бала дүниеге келген бойда туу туралы куәлікте болашақ асыраушы әкенің атына жазылып, кейін оның әйелі ресми түрде бала асырап алу рәсімін жүргізген.
Мемлекеттік айыптаушы барлық айыпталушыларға 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Алайда сотталушылар тағылған айыпты мойындамады. Биологиялық ана балаларын сатпағанын, оларды жетімдер үйіне тапсырмай, мейірімді отбасыларға бергенін айтып, бұл қадамға жеке пайда көру үшін емес, балалары ауқатты отьасыларда қалағанын жеткізді.
Ал «асыраушы» ата-ана ретінде танылған ерлі-зайыптылар соңғы сөздерінде балаларға бар мейірім мен махаббатын беріп жатқанын айтып, оларды қазіргі отбасында қалдыруды сұрады. Айыпталушылардың айтуынша, балалар оларды туған ата-анасындай қабылдап кеткен.
Сот барлық мән-жайды ескеріп, келесідей үкім шығарды:
Екі ерлі-зайыпты 8 жылға шартты түрде сотталды. Ал биологиялық ана 5 жылға бас бостандығынан айырылды, перзентханадағы медбике 8 жылға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде мерщімін өтейді. Соңғы екеуі сот залында қамауға алынды.
Балалардың әрі қарайғы тағдырын, оның ішінде биологиялық ананың өзге балаларының болашағын бір ай ішінде қамқоршылық органдар шешуі тиіс.