Қарағандыда өрт салдарынан екі бала көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM - Қарағандыда өрт салдарынан екі бала қайтыс болды, тағы екі бала және 60 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді.

өрт
Фото: ТЖМ

Қайғылы оқиға бүгін түнде Қарағанды қаласындағы Пришахтинская көшесінде, екі пәтерлі тұрғын үйде орын алған. Өрт шатырды және үйдегі жиһаздарды шарпыған. Құтқарушылар келгенге дейін 2017 және 2015 жылдары туған екі бала өздігінен сыртқа шығып, Балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген.

Алдын ала диагноз бойынша зардап шеккендер көміртегі тотығымен уланған. 

- Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер 1964 жылы туған әйелді құтқарды, ол көміртегі тотығымен улану және күйік диагнозымен Х. Мақажанов атындағы ауруханаға жатқызылды.

Сондай-ақ, құтқарушылар 2020 және 2022 жылы туған екі баланың денесін тапты, - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі. 

ТЖМ күштерімен жалпы ауданы 50 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толығымен жойылды.

Өрттің алдын-ала себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды және сараптама тағайындалды.

Осыған дейін Ақмола облысында өткен жылы 29 өрт тіркеліп, 10 адам қаза болғанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар