Қарағандыда полиция қауіпті ойын ұйымдастырған жасөспірімді іздестіріп жатыр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Қарағанды облысының полицейлері көпқабатты тұрғын үйдің төбесінде белгісіз жасөспірімнің кірпіштерді қалап қойғанын бейнелейтін видео анықтады.
Мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушының жеке басын анықтау шаралары жүргізіліп жатыр.
— Баланың жеке басы анықталғаннан кейін, жасөспірімнің ата-анасы бала тәрбиесіне тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені үшін заңда көзделген жауапкершілікке тартылады, — делінген хабарламада.
Қарағанды облысының полиция департаменті айналаға қауіп төндіретін кез келген әрекет қатаң шаралар арқылы тоқтатылатынын ескертеді.
— Ата-аналарға балалардың жүріс-тұрысын мұқият қадағалап, мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін қатаң түрде еске салады, — делінген полиция хабарламасында.
Айта кетелік Балқаш қаласындағы мектептерге жарылғыш заттар қойылды деген хабарлама тараған еді.