Қарағандыда полиция қызметкері қаза болды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда оқу-жаттығу барысында полиция майоры қаза болды. Тәртіп сақшысы жазатайым оқ тиіп, көз жұмған.

Қайғылы жайт 14 наурыз күні Қарағандыдағы оқу-жаттығы алаңында болған. Әзірге оқиғаның мән-жайы туралы ақпарат жоқ. Алайда Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өзінің ресми парақшасында марқұмның туғандарына көңіл айтып, хабарлама жариялады.
— Оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу кезінде болған жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкері Алдан Әлиевтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, — деп жазды еліміздің бас полицейі.
Қарағанды облысы Полиция департаменті де қаза болған әріптесінің туғандарына көңіл айтып, полиция майоры Алдан Әлиев жазатайым оқиға салдарынан көз жұмғанын хабарлады.
— Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер кеңесі және жеке құрамы, оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу кезінде болған жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан, Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының аға инспекторы полиция майоры Әлиев Алдан Жұмажанұлының жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады, — деп жазылған хабарламада.
ҚР Ішкі істер министрі сондай-ақ Алдан Әлиевтің туғандарына көмек көрсетіліп, тергеуді жеке бақылауына алатынын айтты.
— ІІМ марқұмның отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетеді. Оқиға орнына менің орынбасарымның басшылығымен комиссия жіберілді. Тергеу барысы бақылауда, — деп қосты Ержан Сәденов.
Осыған дейін Түркістан облысында полиция инспекторы қаза болғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.