Қарағандыда салынып жатқан газ тарату желілерінде жарылыс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қарағандыда тартылып жатқан газ тарату желілерінде қоспа атылды. Жарылыс салдарынан бірнеше автомобиль зақымданды.

Әлеуметтік желілерде Қарағандыда газ құбырының жарылғаны туралы бейне тарап жатыр. Ал қала әкімдігі бұл желілер әлі тұтынушыларға қосылмаған, құбырды тарту жұмыстары аяқталмаған деп отыр.
«Орта қысымды газ тарату желілерін нығыздау кезінде қоспа сығылған. Қазіргі уақытта бұл желілер іске қосылмаған, жүйеде табиғи газ жоқ», - деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінен.
Соққы толқынынан бірнеше автомобиль зақымданған. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына мердігер ұйымның өкілдері мен әкімдік қызметкерлері келді.
«Бүлінген көлік құралдарының меншік иелеріне келтірілген залалдың орнын мердігер ұйым толтырады», - деп толықтырды әкімдіктегілер.
Осыған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ұлықбек Тұмашинов еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне газ тарту мәселесін көтерген болатын.