Қарағандыда такси жүргізушісі «қалжыңдап» 4 жасар баланы алып кеткен
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда такси жүргізушісі төрт жасар баланы алып кетіп, бір сағаттан соң анасына қайтарған. Әйел тәртіп сақшыларынан оқиғаны «қалжың» деп қарастырмай, жүргізушіні жазалауды талап етіп отыр.
Әйелдің әлеуметтік желіде жазған жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Оның айтуынша, оқиға 4 қараша күні сағат 16:40 шамасында болған. Ол Indriver қосымшасы арқылы такси шақырған. Қолында бір жасар сәбиі болған, ал төрт жарым жастағы қызын артқы орындыққа отырғызып жатқан сәтте көлік жүріп кеткен.
— Қызымды отырғыза сала көлік орнынан қозғалып кетті. Мен артынан жүгіріп, тоқтатуға тырыстым, бірақ үлгермедім. Телефон соғып, бірнеше рет қоңырау шалдым — көтермеді. Кейін тапсырысты жауып, картадан мүлде жоғалып кетті, — деп еске алады әйел.
Айтуынша, қызы бейтаныс ер адамның көлігінде шамамен бір сағаттай уақыт болған. Көлік Гоголь көшесіндегі айналма жолдың бойынан табылған. Әйел полицияға арыз жазған, алайда тәртіп сақшылары «қылмыс құрамы жоқ, бұл жай қалжың» деп жауап берген.
Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты ресми түсініктеме берді.
— 4 қараша күні сағат 16:48–де Жедел басқару орталығына қала тұрғынынан хабарлама түсті. Әйелдің айтуынша, ол қызын көлікке отырғызып, өзі екінші есіктен мінбек болған сәтте жүргізуші қозғалып кеткен. Көлік иесі анықталып, ол такси жүргізушісімен байланысқа шыққан. Таксист біршама қашықтық жүріп өткен соң артқы орындықта ересек адамсыз отырған баланы байқап, дереу кері оралып, қызды анасымен қауыштырған, — делінген департаменттің баспасөз хабарламасында.
Полиция мәліметінше, жүргізушіге қатысты жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды «әзіл» деп қарауға болмайды деп санайды. Себебі мәселе — баланың өмірі мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ ата-ананың сеніміне қатысты.
Еске салсақ, енді такси қызметін шақыратын қосымша арқылы жұмыс істегісі келетіндер әкімдікке «таксист» екенін хабарлауы тиіс. Сондай-ақ жолаушы таситын жүргізушіге рөлде 9 сағаттан артық отыруға тыйым салынады.