Қарағандыда төрт теміржолшының қаза табуына байланысты үш адам қамауға алынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында жүк пойызы жол бригадасын қағып кетіп, төрт теміржолшының қаза табуына қатысты қылмыстық іс бойынша үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Фото: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда «Шешенқара — Қаражаңғыл» теміржол аралығында болған.

Сол күні Сарышаған станциясының қызметкерлері жоспарлы түрде рельс ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан. Осы сәтте жүк пойызы жол бригадасын басып кеткен.
Оқиға салдарынан төрт теміржол қызметкері оқиға орнында көз жұмды

Аталған дерек бойынша Шу станциясындағы желілік полиция бөлімі теміржол көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған еді.

Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде құқық қорғау органдары үш күдіктіні анықтап, ұстады. Сот санкциясымен оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау түрі таңдалған.

Полиция өкілдері тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

Бұдан бұрын Қарағанды облысында хоккейші мұз айдынында қайтыс болғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар