Қарағандыда түлектер ҰБТ қарсаңында мектепсіз қалды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда лицензия ала алмаған жекеменшік мектептің айналасында дау туындады. Соның салдарынан жүзден астам жоғары сынып оқушысы vtrntg бітіру емтихандарына санаулы ай қалғанда оқу орнын шұғыл ауыстыруға мәжбүр.
Мектептің жабылатыны туралы ата-аналар үшінші тоқсанның соңында, өткен сенбіде болған жиналыста хабардар болған. Әсель Шымырбекованың қызы 11-сыныпта оқиды, бұл ақпарат олар үшін күтпеген жағдай болған.
— Балалар қыркүйек айынан бері осында білім алып жүр, үлгерімдерін жақсартты, бейіндік пәндерін таңдады. Біз ҰБТ-ға, білім грантына дайындалып жатырмыз. Өткен аптаның соңында үшінші тоқсанның соңында мектептің лицензиядан өтпегенін және мемлекеттік мектептерге ауысуымыз керектігін хабарлады, — дейді ол.

Ата-аналардың сөзінше, мәселе тек оқу үдерісінде емес, жасөспірімдердің психологиялық жай-күйіне де әсер етіп отыр. Алты ай ішінде сынып ұжымдары қалыптасып, мұғалімдермен байланыс орнаған, көптеген оқушы дәл осы ортада өз қабілетін ашқан. Енді олар жаңа ортаға бейімделуге, барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ-ны жедел тапсыруға және күйзеліс жағдайында қорытынды аттестацияға дайындалуға мәжбүр.
Көпбалалы әке Рахат Дүйсенбаев отбасы қаржылық жүктемеге қарамастан жекеменшік мектепті саналы түрде таңдағанын айтады.
— Лицензия рәсімдеу жүріп жатқанын білдік. Сенім арттық. Қазір мектеп басшылығын айыптап отырған жоқпыз, бірақ білім басқармасы мен әкімдіктен лицензия алу мәселесінде қолдау көрсетуді сұраймыз. Бұл — 10–11-сынып оқушылары, бітіруші сыныптар. Үш-төрт ай ғана қалды. Олар оқу жылының ортасында бірден ауысып, тез бейімделе алмайды, — дейді ол.

Ата-аналардың мәліметінше, мектепте 164 оқушы білім алған, қазір шамамен 135 бала қалған, олардың басым бөлігі — жоғары сынып оқушылары. Құрылтайшылар ғимараттың арнайы мектеп ретінде салынғанын, жер телімінің нысаналы мақсаты сәйкес екенін, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталғанын атап өтті.
«Samga high school» жекеменшік мектебінің директоры Әлішер Жақсылық серіктестіктің 2025 жылғы 13 мамырда тіркелгенін айтты. «Білім туралы» заңның 40-бабына сәйкес лицензия алты ай ішінде алынуы тиіс. Алайда құжаттарды жинау рәсімдерінің ұзаққа созылуына байланысты белгіленген мерзім сақталмаған.

— Мерзімнің бұзылғанын мойындаймыз. Бұл — біздің кәсіпкерлік тәуекеліміз. Қазіргі уақытта сот процесі жүріп жатыр. Басқа серіктестік арқылы лицензия алуға қайта өтініш беруді жоспарлап отырмыз. Оған дейін балаларды оқытуға заңды құқығымыз жоқ, — деді директор.
Оның айтуынша, құрылтайшылар түлектерді түстен кейін ҰБТ-ға тегін дайындауды жалғастыруға және оқушыларды өзге мектептерге орналастыруға жәрдемдесуге дайын.
Қалалық білім бөлімінде, ата-аналардың қалауын ескере отырып, оқушыларды тұрғылықты жері бойынша да, тұтас сыныптарымен де көшіруге әзір екендерін мәлімдеді. Қарағанды қаласының білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім оқушылар үшінші тоқсанды аяқтап, ағымдағы бағаларын растап, мемлекеттік мектептерде оқуын тең жағдайда жалғастыра алатынын жеткізді.
— Балалар үшін қолайлы психологиялық жағдай жасалады. ҰБТ-ға дайындық мүмкіндігі басқа оқушылармен бірдей қамтамасыз етіледі, — деп атап өтті ол.
Сонымен қатар балама нұсқа ретінде «Достық» жекеменшік мектебіне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Аталған мектеп оқушыларды тұтас сыныптарымен қабылдауға дайын екенін білдірген. Алайда бұл ұсыныспен барлық ата-ана келісе бермейді.
— Бізге бағаларды растау үшін ауысу ұсынылады. Алайда бұл мектепте санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған. Мәселе тек лицензия мерзімінде болып отыр. Неге формалды себепке байланысты 140–180 бала мектеп ауыстыруы керек? — дейді ата-анардың бірі Серік Ахметов.
Қазіргі таңда бұл мәселе шешілмеген күйі қалып отыр. Бір тарап үшін бұл — заң талаптарын сақтау мәселесі болса, екінші тарап үшін — оқу жылының шешуші кезеңінде тұрақтылықсыз қалған түлектердің тағдыры.
Бұған дейін Атырау қаласы «Бірлік-2» ықшамауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы 4 жылға созылып кеткенін хабарланған болатынбыз.