Қарағандыда ұрлық жасады деген күдікпен іздестіріліп жатқан шендіге қатысты жаңа дерек шықты
Ұрлық жасады деген күдікпен іздестіріліп жатқан Қарағанды облысы ПД Тергеу басқармасының бұрынғы бастығы Рустам Күлкеев осыдан бірнеше ай бұрын теріс мінез-құлық танытқандықтан қызметінен босатылғаны анықталды, деп хабарлайды Кazinform.

Өзіндік қауіпсіздік департаменті Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы және 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша қылмыстық іске қатысты тергеп жүргізіп жатыр. Белгілі болғандай, қылмыстық іс бойынша тәркіленген майнинг жабдықтарын ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша екі полицей күдікті деп танылған.
«Қарағанды облысы прокуратурасының келісімі бойынша бұрын теріс себептермен жұмыстан шығарылған полиция департаментінің Тергеу басқармасының бұрынғы бастығы Р.У.Күлкеев және осы бөлімшенің тергеушісі Α.Е.Қанатов осы қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылды. Қазіргі уақытта Р.У.Күлкеевпен тергеу әрекеттерін жүргізу үшін оның орналасқан жері анықталуда. Келмеген жағдайда оған іздеу салынады», - деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейді.