Қарағандыда жолдарды күтіп ұстайтын фирмаларға 8,5 млн теңгеден аса айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері жолдарға 46 тексеру жүргізді. Нәтижесінде «ҚазАвтоЖол» мен оның мердігерлеріне 8,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

трасса, закрыта дорога, метель, буран, снегоуборочные машины, қар тазалау машиналары, автожол, жол жабық, боран
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Мұндай тексерулер республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі. Жыл басынан бері әкімшілік полиция «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ жол иесіне және мердігер ұйымдарға автожолдарды күтіп ұстаудағы кемшіліктерді жою жөнінде 37 нұсқама берді.

— Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерімен белгіленген автожолдарды күтіп ұстау ережелерінің талаптарын орындамағаны, сондай-ақ көлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етпегені үшін Қарағанды облысы ІІД әкімшілік полиция қызметкерлері жалпы сомасы 8 500 000 теңгеден асатын айыппұл жазып, 148 уәкілетті және заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты, — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметІ.

Наурыздың 5-і мен 7-сі аралығында ғана облыстың жол полициясы қызметкерлері өңірдің 10-нан астам автожолдарына тексеру жүргізіп, нәтижесінде 6 ұйғарым шығарылды. Жолдарды сапасыз ұстағаны үшін, соның ішінде кеше Қарағанды-Теміртау тас жолында болған ЖКО үшін тәртіп сақшылары 5 әкімшілік хаттама толтырды.

— Әкімшілік жауапкершілікке «КАЖсервис» ЖШС № 46 жол пайдалану басқармасының бастығы тартылды. Сонымен қатар, жолдарды сапасыз күтіп ұстауға қатысты ұсынысты орындамағаны үшін биылғы жылы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорына екі әкімшілік хаттама жасалды, — деп толықтырды Қарағанды облысы ПД.

Сондай-ақ, полицейлер елді мекендердің көшелеріндегі жолдарының жай-күйіне бақылау мен қадағалау жүргізеді. Жол бөлігін, көпірлер мен жол өтпелерін тазалау сапасына, сондай-ақ көктайғаққа қарсы материалдармен уақтылы себуге ерекше назар аударылады.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысының әкімшілік полиция қызметкерлері облыстың автожолдарындағы жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізуде, сондай-ақ жол-коммуналдық органдардың жұмысы үйлестірілуде.

Естеріңізге сала кетейік, «ҚазАвтоЖол» 2025 жылғы 7 наурыз ауа райының нашарлауына байланысты бірнеше республикалық автожол учаскелерінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылғанын хабарлаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар