Қарағандыдағы инклюзивті арт-кафе: мүмкіндіктер есігін ашатын жаңа кеңістік
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда өңір үшін теңдесі жоқ жоба – инклюзивті арт-кафе ашылады. Бұл – менталдық және физикалық ерекшелігі бар жастардың еңбекке араласуына, қоғам өміріне бейімделуіне жол ашатын алғашқы орта. Жоба «Бізбен бірге бол» интеграциялық орталығының жүйелі жұмысының жалғасы ретінде іске асырылып жатыр.
Көп отбасы үшін ауадай қажет мүмкіндік
«Баламыз арнайы мектепте оқып жүргенде бәрі түсінікті, бірақ ертең не болмақ?»
– Бұл сұрақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін ең өзекті мәселе. Өйткені 16–18 жастан кейін мұндай жасөспірімдер жұмыс істей алатын орталар жоқтың қасы.
– Бұл мәселе әкімдік өкілдерімен кездескен сайын сөз болады. 16 жастан асқан балалардың ата-аналары қайда баратынын білмей қиналады. Біз орталық ашу арқылы балаларға әлеуметтік ортаға бейімделуге, оқуға және болашақта сұранысқа ие маман болуға мүмкіндік жасағымыз келді. Бүгінде бұл мақсат орындалып отыр, - дейді орталық жетекшісі Әсел Бекбаева.
Орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Мұнда әр қатысушының әлеуметтік паспорты әзірленіп, жан-жақты диагностика жүргізіліп, жеке даму траекториясы жасалады.
Шеберханалар, дағдылар және алғашқы жұмыс орындары
Интеграциялық орталықта оннан астам бағыт қамтылған: тігін ісі, аспаздық, ағаш өңдеу, сенсорлық сабақтар, театр студиясы, арт-платформалар, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау курстары. Қазір орталыққа жүзге жуық жасөспірім мен ересек адам қатысып жүр.
Арнайы жабдықталған жұмыс орны бағдарламасымен жұмысқа орналасқан нұсқаушы Найман Жақсығорин – ерекше қажеттілігі бар азамат. Орталық оған толыққанды еңбек етуге жағдай жасап, пандустар мен кеңейтілген өткелдер, ыңғайлы жұмыс аймағын орнатқан.
– Біз ағаш өңдеу және шығармашылық бағытты дамытып жатырмыз. Балалар ағаштан түрлі бұйым, асүйлік құрал, интерьерге арналған заттар жасайды. Үйренгеннен кейін осы жерде жұмыс істей алады. Ең бастысы – мүмкіндік беру. Ал олардың құлшынысы ерекше байқалады, - дейді ол.
Балалардың дайындығы әртүрлі деңгейде: біреуі шахмат ойнап дамиды, енді бірі ұсақ моторикамен жұмыс істейді, үшіншісі еуропалық белсенді ойындар – кульбута, корнхолл секілді бағыттарды таңдайды.
Отбасы — қолдаушылар, ана — тәлімгер
Орталықтың басты артықшылығы – ата-аналардың белсенді қатысуы. Көптеген аналар мұнда нұсқаушы, шебер, педагог ретінде жұмыс істей бастады. Олар балаларын жақсы түсініп, кәсіби дағдыларды меңгеруге көмектеседі.
Еңбек нұсқаушысы Индира Қойбағарова – менталдық ерекшелігі бар 13 жастағы қыздың анасы. Оның айтуынша, интернаттан кейінгі кезең кез келген отбасы үшін өте қиын.
– Ерекше балалармен тұрақты жұмыс істемесек, олардың дамуы бәсеңдеуі мүмкін. Сондықтан мұндай орталықтар аса қажет. Мұнда олар мүсіндейді, тоқиды, шеберлік сабақтарына қатысады, жәрмеңкелерге дайындалады. Бәрін өз қолымен жасайды. Енді қызымның ертеңіне алаңдамаймын – ол қоғамға бейімделіп, болашақта жұмыс істей алатынына сенімдімін, - дейді ол.
Ата-аналар орталық отбасы жүгін айтарлықтай жеңілдететінін айтады: бала қауіпсіз ортада сабақта болғанда, ата-аналар жұмысын немесе тұрмыстық шаруасын алаңсыз атқарады.
Арт-кафе – жаңа белес
Жобаның келесі кезеңі – инклюзивті арт-кафе. Мұнда келушілерді ерекше жандардың өзі қарсы алады. Орталық нақты жұмыс орындарын құрып, тәлімгерлер мен инструкторларды тартып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпек.
Кафеде жастар:
- қарапайым тағам мен бәліш әзірлейді;
- келушілерге қызмет көрсетеді;
- витрина безендіреді;
- бар үстелінде жұмыс істейді;
- шығармашылық бағдарламалар мен іс-шараларға қатысады.
Бұл — еңбекпен қамту алаңы ғана емес, қоғамның ерекше адамдарға деген көзқарасын өзгертетін орта.
– Кафеге кірген адамды ерекше жастар қарсы алған кезде-ақ қоғамдағы қалыптасқан түсінік өзгереді. Бұл – адамдарды жақындататын көпір. Тағы бір айтарым: біздің балалар үшін нормотиптік адамдармен бір сағат араласу – психологпен бір сағат жұмыспен пара-пар, - дейді Асель Бекбаева.
Құқықтық қолдау және болашақ мамандар легі
Көптеген түлектер «қабілетсіз» («недееспособный») мәртебесі салдарынан ресми жұмысқа орналаса алмайды. Орталықтың штаттық заңгері отбасыларға құжаттарды реттеуге, құқық қабілеттілігін қалпына келтіруге көмектеседі.
Оқыту нәтижесінде алғашқы кадрлық резерв жасақталуда: бір бөлігі арт-кафеде еңбек етсе, өзгелері көмекші маман, ағаш немесе қолдан бұйымдар жасау шебері ретінде еңбек нарығына шығады.
«Балаларымыз өмір бойы бізбен қалады, бірақ сыртта да өмір сүре алуы керек»
Ата-аналар үшін ең маңыздысы – баласының болашағына деген сенім. Даму ерекшелігі бар бала асырап отырған бір ананың айтқаны ерекше әсер қалдырды:
– Біздің балалар өмір бойы қасымызда болады. Бірақ олар бір істі өзі істеп, пайдалы болуды үйренуі керек. Бұл – олардың ересек екенін сезіндіретін ең маңызды нәрсе.
Орталық тәрбиеленушісі Зарина – болашақ аспаз. Ол жартылай фабрикаттар мен әртүрлі тоқаш жасауды үйреніп жүр.
– Мұнда чебурек пен самса жасауды үйрендім. Ұстаздарым өте жақсы. Үйде де жасап тұрамын. Әкем мен дайындаған чебуректерді көріп қатты қуанады, - дейді ол.
Инклюзивті арт-кафе – ерекше жандарды қоғам өміріне толыққанды араластыруға жасалған маңызды қадам.
Бұл – олардың үйде ғана оқшауланбай, мүмкіндігін, дағдысын жоғалтпай, қоғамның тең құқылы мүшесі болуына жол ашатын кеңістік. Мұнда әркім өзін маман, бариста, шебер немесе өнер иесі ретінде көрсете алады – ең бастысы, өз орнын табады.