Қарағандыдағы полиция пунктінен әйелдің мәйіті табылды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда полицияның бір тірек пунктінде әйел адамның мәйіті анықталды. Оқиға орнында ес-түссіз жатқан полицей қызметкері де болған. Ол дереу медициналық мекемеге жеткізілді. 

полиция
Фото: Polisia.kz

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

— Қазіргі уақытта жағдайдың мән-жайы мен әйелдің өлім себебі анықталып жатыр. Объективті тексеру үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, сондай-ақ қызметтік тергеу тағайындалды, — делінген ведомство хабарламасында.

Облыстық полиция басшылығы істің тергелуі департамент бастығының жеке бақылауында екенін атап өтті.

— Барлық іс-әрекет мұқият тексеріліп, кінәлі тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылады, — деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Неғмет Исмағұлов.

Сонымен бірге департамент өкілдері азаматтарды расталмаған ақпарат таратпауға шақырып, мұндай әрекеттер тергеу барысына кедергі келтіретінін ескертті.

Осыған дейін әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің екі адамды тұтқындап, қалтасына бір зат салып жатқан бейнежазбасы тарады. Желі қолданушылары ол зат есірткі деген ақпаратты Полиция департаменті шындыққа жанаспайды деп хабарлады

Соңғы жаңалықтар