Қарағанды: полиция бекетіндегі қайғылы оқиғадан соң басшылар қызметінен кетті
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды қаласындағы Михайлов полиция бөлімінің тірек пунктінде әйелдің мәйіті табылуына байланысты қызметтік тергеу жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше басшы қызметінен босатылды.

Қыркүйектің соңында болған қайғылы оқиғадан кейін Қарағанды полициясының бірқатар басшыны жауапкершілікке тартты. Қызметінен Михайлов полиция бөлімінің бастығы, оның қызмет жөніндегі орынбасары және учаскелік инспекторлар жұмысын қадағалаған орынбасары босатылды. Сондай-ақ қала басқармасы мен облыстық департаменттің бірнеше қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды.
Оқиға 29 қыркүйекте түнде болған. Алдын ала деректер бойынша, полиция майоры кезекшілік кезінде бұрыннан таныс әйелді тірек пунктіне шақырған. Келесі күні, 30 қыркүйекте, аға учаскелік инспектор диванда жатқан әйелдің денесін және жұмыс үстелінің жанында ес-түссіз жатқан әріптесін тапқан. Ер адам ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі полиция қызметкерінің жағдайы туралы мәлімет берді:
— Науқас жансақтау бөлімінен жалпы бөлімге ауыстырылды, жағдайы орташа ауыр, — делінді ведомство хабарламасында.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға бойынша қызметтік тергеу мен тәртіптік комиссияның отырысы өткізілген.
— Тергеу нәтижесінде Михайлов полиция бөлімінің бастығы мен оның орынбасары атқарып жүрген лауазымдарынан босатылды. Қарағанды қалалық полиция басқармасы мен облыстық департаменттің бірқатар басшысына қатаң тәртіптік шаралар қолданылды, — деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Қайтыс болған әйелдің ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қазіргі уақытта ем қабылдап жатқан учаскелік инспектор қызметінен уақытша шеттетілді. Оны жұмыстан босату туралы мәселе медициналық оңалту аяқталғаннан кейін қаралады.
— Департамент басшылығы кез келген қызметтік немесе әскери тәртіпті бұзуға нөлдік төзімділік қағидасын ұстанады. Шеніне де, қызметіне де қарамастан біз бұдан кейін де мұндай жағдайларға қатаң шара қолданатын боламыз, — деп атап өтті ведомство өкілдері.