Қарағандылық фермер бір үйір жылқыны қырып тастаған

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында көпшілікті дүр сілкіндірген оқиға тіркелді: жергілікті фермер өзге адамның жылқыларына оқ атқан. Жануарлар оның жайылымына кіріп кеткені белгілі болды. 

Қарағанды облысында жылқыларды жаппай ату фактісі бойынша тергеу жүргізілуде
Фото: Видеодан скрин

Нұра ауданының Заречное ауылы маңынан тұрғындар оқ қарудан қырылған жылқыларды тауып алған. Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы 17 жылқыға оқ тиген, олардың 14-і өліп қалған. Тағы үшеуі жаралы.

Куәгерлердің айтуынша, оқ атқан адам — осы ауылдың фермері. Олардың сөзіне қарағанда, шаруа қожалығының иесі өз жайылымына кіріп кеткен табынды автокөлікпен қуып жүріп, жануарларға бірнеше рет оқ атқан. Қанды оқиғадан кейін ер адам оқиға орнынан бой тасалаған.

Ауыл тұрғындары күдіктінің ірі жер иесі екенін айтады. Сол себепті мал иелері оны жауапкершіліктен жалтарып кетеді деп алаңдап отыр.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктінің ұсталғанын растады.

— Бөтен адамдардың мүлкін әдейі жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері Нұра ауданының 53 жастағы тұрғынын анықтап, бөлімшеге жеткізді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — делінген өңірлік ПД хабарламасында.

Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты Маралды ауылында сегіз ірі қараның қырылуына байланысты жүргізілген зерттеулер аяқталғаны жайлы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар