Қарағандылық фермерлерге 800 млн теңге несие беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы саласына салынған инвестиция көлемі екі есе өскен. Жобалардың жалпы құны – 44 миллиард теңге. 

Ермағанбет Бөлекбаев
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

– Агроөнеркәсіп секторында жалпы құны 47 миллиард теңге болатын 31 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл шамамен 300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құны 26 миллиард теңге болатын 18 жоба іске қосылды, - деді аймақ басшысы.

Әкімнің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне 800 миллион теңге несие беріледі. Ал тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 9 ай ішінде 2,6 есеге өсіп, 7 миллиард теңгеге жеткен.

Сонымен қатар өңірде бағаны тұрақтандыру бағытындағы шаралар белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

– Бағаның өсуін тежеу үшін 2,8 миллиард теңге бөлінді. Жергілікті өндірушілермен форвардтық келісімшарттар жасалып, наубайханалар қолдау тауып отыр. Сондай-ақ фермерлер өз өнімдерін тікелей сата алатын әлеуметтік павильондар ашып жатырмыз. Онда сауда орындары тегін беріледі. Қазір бір павильон жұмыс істеп тұр, тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Әлеуметтік павильондар – қала тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді өнім алудың, ал фермерлер үшін өнім өткізу нарығын кеңейтудің нақты мүмкіндігі, - деді Ермағанбет Бөлекбаев.

Соңғы жаңалықтар