Қарағандылық жас дарын дрон-рейсингтің әлемдік рейтингін бағындырып жүр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандының 12 жастағы спортшысы Тимофей Муравьёв Қазақстан тарихында алғаш рет FPV-дронмен Еуропадағы FAI Дүниежүзілік кубогының жарыс жолына шықты.

Қарағандылық жас дарын дрон-рейсингтің әлемдік рейтингін бағындыруда
Фото: Фото Тимойфей Муравьёвтің жеке мұрағатынан алынған

Болгарияның Варна қаласында өткен айтулы додада әлемнің ең мықты пилоттары бас қосты. Қарсыластардың тәжірибесі мен шеберлігіне қарамастан, жас қазақстандық мәреге жетінші болып келіп, планетаның үздік он пилотының қатарына енді.

Қарағандылық жас дарын дрон-рейсингтің әлемдік рейтингін бағындыруда
Фото: Тимойфей Муравьёвтің жеке мұрағатынан алынған

Дронға деген қызығушылық Тимофейдің бойына бала күнінен сіңді. Оған алғашқы әуежай тәжірибесін сыйлаған да, техника тілін үйреткен де әкесі. Бүгінде оның спорттық жетістіктері таңдай қақтырарлық: үш мәрте Қазақстан чемпионы атанып, бірнеше ірі халықаралық жарыста ел намысын қорғаған.

Қарағандылық жас дарын дрон-рейсингтің әлемдік рейтингін бағындыруда
Фото: Тимойфей Муравьёвтің жеке мұрағатынан алынған

FAI Дүниежүзілік кубогында Болгария, Түркия, Франция, Сербия және Қытайдан келген, талай мәрте чемпион атанған сайдың тасындай саңлақтар бақ сынады. Осындай азулы қарсыластар арасында үздіктер қатарынан көріну — нағыз ерлік. Алайда жүлделі орынға қол жеткізуге жартылай финалда болған күтпеген оқиға бөгет болды. Әуеде соқтығысып қалған дронның пропеллері зақымданып, жарысты ерте аяқтауға тура келді.

— Біздің қарсыластарымыздың көбі жасы 18 бен 25 арасындағы тәжірибелі, талай дода көрген мықтылар. Оларға қарсы тұру оңай емес. Дегенмен, біз үздіксіз жаттығып, алға жылжып келеміз. Тимофей қазірдің өзінде әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың өкшесін басып жүр, — дейді әкесі әрі жаттықтырушысы Сергей Муравьёв.

Қарағандылық жас дарын дрон-рейсингтің әлемдік рейтингін бағындыруда
Фото: Тимойфей Муравьёвтің жеке мұрағатынан алынған

Бұл жарыстың тағы бір ерекшелігі әр пилот тек дронды шебер басқарумен шектелмей, оны ұшыруға өзі дайындауы тиіс.

— Мұнда техниканы дұрыс жинау, винтомотор тобын дәл баптау, бағдарламалық жүйені мінсіз үйлестіру — бәрі жарыстың бір бөлігі. Ұшқыштың жеңісі осы дайындыққа тікелей байланысты, — деп түсіндірді Сергей Муравьёв.

Қарағандылық жас дарын дрон-рейсингтің әлемдік рейтингін бағындыруда
Фото: Тимойфей Муравьёвтің жеке мұрағатынан алынған

Дүниежүзілік кубоктан кейін Тимофей Болгария астанасы Софияда өткен MultiGP жазғы іріктеуінде де көзге түсіп, төртінші орынды иеленді. Бұл жарыстағы және бұған дейін Алматыда өткен көктемгі іріктеудегі ұпайлары қосылып есептеледі. Егер қос кезең қорытындысында ол әлемдік рейтингтің үздік 150 қатарына енсе, биыл күзде АҚШ-тың Майами қаласында өтетін дрон-рейсингтен әлем чемпионатына жолдама алады.

Осыған дейін Облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың аумағындағы мемлекеттік күзет бақылауына берілген мекемелердің үстінен дрон ұшыруға шектеу енгізудің ережесі әзірленіп жатқаны жайла хабарлаған болатынбыз

 

Соңғы жаңалықтар