Қарағандылықтар жарықсыз қалды: Облыс әкімі мәлімдеме жасады

28 қыркүйек күні Қарағанды қаласының басым бөлігі жарықсыз қалды. Осыған байланысты өңір әкімі Ермағанбет Бөлекбаев облыс тұрғындарына видеоүндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

қарағанды жарықсыз қалды
Фото: ашық дереккөзден

Облыс басшысының айтуынша, бүгін таңертең Қарағанды қаласының ЖЭО-3 станциясында және Топар ГРЭС-2-де штаттан тыс жағдай орын алды.

«Қазіргі сәтте Топар ГРЭС-2 жүктемені көтеріп жатыр және менің тапсырмаммен бірінші орынбасарым Вадим Басин болған жағдайды анықтау үшін станцияға аттанып кетті. Жүктемені көтеру және өңір тұтынушыларына электр жарығын қысқа мерзімде беру үшін KEGOC-пен және барлық станциялармен барлық шаралар қолға алынып жатыр», - деді Ермағанбет Бөлекбаев.

Бұған дейін Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қорғаныс тетігінің іске қосылуынан ЖЭО-3-те технологиялық ақау туындап, салдарынан 220 кВ-тық Ашық тарату құрылғысы тоқтап қалғанын мәлім еткен еді.

Еске салсақ, кеше Қарағандыда тағы бір төтенше оқиға туындап, бірнеше көше нөсер жауын суының астында қалған болатын. 

Соңғы жаңалықтар