Қарағанды әуежайында «Союз ТМА-17» кемесінің халықаралық экипажы күтіп алынды
Орбитада жарты жылдай болып қайтқан экипаж жерге аман-есен қонды, деп атап көрсетті баспасөз мәслихатында экипаж мүшелері. Ғарышкерлерді Қазақстан жері ыстық ықыласпен қарсы алды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ғарышкерлерге жерге қона салып, қазақстандық алмадан дәм тартылды. Экипаж командирі Олег Котовтың айтуынша, бұл алманың дәмі ерекше.
Бұл сапар жапондық астронавт Соичи Ногучидің халықаралық ғарыш стансасына жасаған алғашқы ұзақ сапары екен, бұған дейін ол «Шаттлмен» ғарышқа қысқамерзімдік сапар жасаған.
Экипаж мүшелеріне өздерінің келбеттері салынған дәстүрлі матрешкалар тарту етілді және иықтарына қазақтың шапандары жабылды.
Олег Котов Қарағандыдан Звездный қаласына, ал американдық және жапондық астронавтар - Хьюстонға аттанды.
«Союз ТМА-17» кемесі бүгін жергілікті уақыт 9.24-те Қарағанды облысының аумағына, Жезқазған қаласының оңтүстік-шығысына қарай 145 шақырым жерге қонды.