Қарағанды ХҚКО-ларында делдалдықты кәсіп еткендерге айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандының халыққа қызмет көрсету орталықтарында жемқорлықпен байланысты делдалдық қызмет көрсетуді кәсіпке айналдырғандарға айыппұл салынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Дөңгелек үстел отырысы барысында Қарағанды облысы ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Олжас Арынов полицейлердің ХҚКО-ларда «кез келген мәселені шешіп береміз» деп азаматтардың мазасын алатын адамдарды көптеп ұстайтынын хабарлады.

«Дәл осы мәселемен 19 адам ұсталды. Оның 16-сымен арнайы әңгіме жүргізіліп, адамдарға жармасқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын түсіндірдік. Тағы төртеуіне ҚР ӘҚБК 449-бабы бойынша бес АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді Арынов.

Алайда, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі ескерту және айыппұлдармен шектеліп қалмауға шақырды.

«Олар кез келген мәселені шешеміз деп уәде беріп қана қоймайды, шын мәнінде азаматтардың кез келген мәселесін шешіп беруде! Әрине, ақшаға. Демек, ХҚКО-ның қай қызметкерінің пара алып жүргенін анықтау керек», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Берік Ахметов.

«ХҚКО-ларда тереңдетілген жедел шаралар жүргізу қажет», - деп есептейді Б.Ахметов.

Өз кезегінде, өңірдегі «Халыққа қызмет көрсету» департаментінің басшысы Тілеубай Құсайынов нысандардың күзетін күшейтуге және клиенттерді делдалдардың жармасуынан қорғауға уәде берді.

Соңғы жаңалықтар