Қарағанды мектебінде патриотизм сабағын өтпесе де, оқушыларды өтті деп айтуға мәжбүрлеген - мұғалім

Бүгін әлеуметтік желіде Қарағанды қаласы №5 мектебінің мұғалімі түсірген видео пайда болды.
«Маған 2022-2023 оқу жылында «Патриотизм және жаһандық құзыреттілік» пәні оқытылмағаны туралы ақпарат келді. Сіздерге ресми түрде мәлімдеймін, мен Жарликов Игорь Юрьевич, Қарағанды облысының облыстық прокуратурасына жазбаша өтініш жолдадым және атап өткен адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететінімді хабарладым», - дейді бейнероликте №5 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Игорь Жарликов.
Мұғалімнің айтуынша, арыз жазуының себебі – мұғалімдер оқушыларды өткен оқу жылында «Патриотизм және жаһандық құзыреттілік» пәнін өткенін растауға мәжбүрлеп отыр.
Сонымен қатар, ол мұғалімдердің балаларға қоқан-лоққы көрсеткенін хабарлады.
«Қазір маған үзілісте 11-сынып оқушылары келіп, «Игорь Юрьевич, бізге адамдардың аты-жөнін беріп, «Патриотизм және жаһандық құзыреттілік» пәні өткізілді деп жазуға мәжбүрлеп жатыр. Сонымен қатар олар бізді қорқытып отыр, егер олай жазбасақ, жағдайымыз мүшкіл болады деп қорқытты» деді. Тағы да айтамын, сіздердікі рас болса, ешқашан қорықпаңыздар. «Патриотизм мен жаһандық құзыреттілік» пәнін оқытты деген мұғалімдер алатын жалақы – бұл сіздердің ата-анаңыздың, салық төлеушілердің ақшасы. Бірақ қазір ең бастысы – сіздер және сіздердің ұстанымыңыз», - дейді мұғалім видеода.
Содан кейін ол екі мектеп қызметкерінің қатысуымен оқушылардан «Бұл пән шынымен оқытылды ма?» деп сұрайды. Оқушылардың бәрі «жоқ» деп жауап береді.
Қарағанды облысының білім басқармасы түсіндіргендей, қазір аталған мектепте арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр.
«№5 мектеп мұғалімі И. Жарликов жария еткен мәлімдемесінде атап өткен сабақтың шын мәнінде өткен-өтпегеніне қатысты мәліметті прокуратура зерделеп, тексереді. Айтылған ақпарат расталмаған жағдайда мектеп әкімшілігі беделін қорғау үшін сот органдарына жүгіне алады. Бұдан басқа, бейнеөтініш жазылғаннан кейінгі күндерде оқытушының сабақта болмауы еңбек заңнамасын тікелей бұзу ретінде бағаланады», - деп хабарлады ведомстводан.
Облыстық прокуратура бейнежазбаны және мұғалімнің сөзін уәкілетті органдар тексеріп жатқанын хабарлады.