19:50, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде дағдарысқа қарсы комитет құрылды
ҚАРАҒАНДЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті ректорының бұйрығымен оқу орнында тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың басқаруымен дағдарысқа қарсы комитет құрылды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне жоғары оқу орнынан хабарлады.Комитеттің мақсаты қаржылық және экономикалық дағдарыс жағдайында университеттің қызметкерлері мен студент жастарын әлеуметтік қорғау болмақ. Комитеттің алғашқы кезектегі міндеттері: жастар арасында дағдарысқа қарсы тұрақты мониторинг жүргізу; студенттер мен түлектердің жұмысқа орналасуы проблемалары бойынша жұмысты тиімді ұйымдастыру; студенттердің оқу ақысын төлеу мерзімін ұзартуға мүмкіндік жасау; кәсіби қайта даярлау және университет қызметкерлерін жұмысшы мамандықтарына оқыту. Тұрақты жаңартылып отыратын мәліметтер базасында кәсіпорындардағы бос орындар жөнінде ақпарат беру - бұл шараның тетіктерінің бірі болмақ. Оқу орнының төменгі қызметкерлерінің бос орындарына жетім балалар мен тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан студенттерді орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Дағдарысқа қарсы комитет осындай кешенді шаралармен қатар халықтың тұрмысы төмен жіктері отбасыларынан шыққан студенттерге қалада көлікте тегін жүру үшін билеттер сатып алып беруді және оларға атаулы көмек көрсетуді жоспарлап отыр.