Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттығына 6 саяси партияның кандидаттары ұсынылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға 214 кандидат бар. Алдағы сайлауда бәсекелестік жоғары болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттығына 6 саяси партияның кандидаттары ұсынылды

Қарағанды облыстық мәслихатына аралас жүйе бойынша 36 депутат сайланады: 18 – партиялық тізім бойынша және 18 – бір мандатты округ бойынша.

Облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, облыстық мәслихат депутаттарының сайлауына алты партияның филиалдары тізімдерін ұсынды: «Қазақстан Халық партиясы», «Байтақ» жасылдар партиясы, «Ауыл», AMANAT, «Ақ жол» және Respublica.

Ал, 69 кандидат бір мандатты округтер бойынша ұсынылды. Олар – өзін-өзі ұсынушылар және партиялардың өкілдері.

«Бүгінгі таңда округтік сайлау комиссиялары сәйкестікті анықтау және кандидаттарды тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде 21 кандидат тіркелді, оның 6-ауы Парламент Мәжілісі, қалғаны қала, аудандар мен облыстық мәслихаттар сайлауына», - деп хабарлады Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов.

Үміткерлер арасында айтулы бәсекелестік байқалып отыр. Бір орынға орта есеппен төрт адам таласпақ.

«Қалай болғанда да, біз кімді таңдамасақ та, барлық үміткер біздің аймақта туып-өскенін түсінуіміз керек және сайып келгенде бар үмітіміз ақталуы мүмкін. Егер олар біздің халқымыздың бұқаралық қасиеттеріне, біздің іс-әрекеттерімізді анықтайтын моральдық нормаларымызға сүйенсе», - деп ой бөлісті әлеуметтанушы Есет Есенғараев.

Бір мандатты екі округ бойынша Мәжіліске 31 кандидат ұсынылды. Оның бесеуі – AMANAT, «Ақ жол» және «Қазақстан Халық партиясы», біреуі – «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» ЗТБ қоғамдық бірлестігінен, қалғаны – өзін-өзі ұсыну жолымен.

Еске салсақ, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекіткен болатын. Кандидаттарды ұсыну сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күннен басталып, 8 ақпанда аяқталды. Үміткерлерді тіркеу 18 ақпанға дейін жүреді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталып, 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні.