Қарағанды облысы Еркіндік ауылында 72 адам түйнеме дертіне байланысты дәрігер бақылауына алынды

«Қазіргі таңда 72 адам бақылауға алынды, оның 21-і - бала. Ауруды жұқтырудың жаңа жағдайы тіркелмеді. 20-23 маусым аралығында облыстық инфекциялық ауруханаға сібір ойық жарасын жұқтырды деген күдікпен 9 науқас түсті. Екі адам ажал құшты. Жетеуінің жағдайы қанағаттанарлық, олар тиісті емдік шараларын алып жатыр» , - деді Б. Қалмағанбетов. .
Брифингте бүгін қаза тапқан әйел мен ер адамды жерлегені айтылды. Мәйіттерін мырыштан жасалған және дезинфекцияланған табытқа орналастырып жерледі. Қауіпсіздік шаралары сақталды.
ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау Комитетінің облыстық инспекция басшысы Марат Мұхтаров ауылда атқарылып жатқан шаралар жайлы баяндады.
«Кеше инсинеатор жеткізілді, онда жануарлардың көзі жойылады. Ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша, барлық иесіз иттер мен мысықтар жойылады», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, ауру ірі қараның еті болған 13 үйде дезинфекциялау жұмысы жүргізілуде.
Бұрын хабарланғандай, түйнеме салдарынан Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында ТЖ режімі, 15 күнге карантин енгізілді. Ауыл тұрғыны ауру малды сойып, етті туыстары мен көршілеріне таратқан.
Төтенше жағдай фактісі бойынша ҚР ҚК 327-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, 19-21 маусымда облыстық инвекциялық ауруханасына түйнеме жұқтырды деген күдікпен 8 адам жатқызылды. Оның ішінде 10 жастағы бала бар. Екі адам - 33 жастағы әйел мен 49 жастағы ер адам қайтыс болды. Олардың барлығы Шет ауданы Еркіндік ауылының тұрғындары.