Қарағанды облысы тілдерді дамыту басқармасының бұрынғы директорына жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін 2 мың айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды

Б.Мұсабеков қызметтік лауазымын асыра пайдалану (ҚР ҚК 307-інші бабының 2 бөлімі) және қызметтік алаяқтық (ҚР ҚК 314-інші бабы 2-інші бөлімі) бойынша айыпты деп танылды. Сот оған 2000 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салды, бұл дегеніміз айыпталушы 2,826 млн. теңге төлеу керек деген сөз. Сонымен қатар, сот шешіміне сәйкес ол 5,3 млн. теңге көлемінде мемлекеттік шығынның орнын толтыруы тиіс. Бұрынғы директор, сондай-ақ үш жыл ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан айырылды.
«Мұсабековтың кінәсі толықтай дәлелденді. Тілдерді дамыту басқармасының бастығы болған кездері ол осыған дейін келісімде жария етілген «Орталық Қазақстанның ономастикасы» топтамасының орнына өзінің танысының «ҚазКСР іс жүргізу тарихы. 1923-25 жылдар» кітабын басып шығарған. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, аталмыш басылымның ономастикаға қатысы жоқ. Сонымен қатар, басқарма мен «Юраудит» Заң және консалтингілік компания» арасында мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілдерді оқытуға келісім жасалған. Тергеу барысында анықталғаны, бюджеттік қаржыға оқыған 170 оқушының тек 98-і ғана мемлекеттік қызметкер екен», - деп түсіндірді мемлекеттік айыптаушы, Қазыбек би атындағы аудандық прокуратураның қылмыстық-сот қадағалауы жөніндегі бөлім бастығы Болат Есенбаев. Мемлекеттік қызметшіге қатысты іс алты томға жетті. Судья айыптау үкімін бір сағаттан астам уақыт оқыды.
Айыптау шешімі заңды күшіне әлі кірген жоқ, айыпталушының оған наразылық келтіруге құқы бар.