Қарағанды облысында 3 күннің ішінде 700-ден астам машина қар құрсауынан шығарылды, қазір республикалық жолдар тазартылды

«2013 жылғы 7-9 наурыз аралығында қардың мол түсуіне баланысты Қарағанды обысында бірқатар республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы жолдарда автокөліктің қалыпты қозғалысына кедергі келтірген қар құрсауы пайда болды. Облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің тапсырмасымен жедел шаралар алу үшін облыстық штаб құрылды. ТЖ қызметтері, жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық және жол кәсіпорындары, ішкі істер органдары қалыптасқан төтенше жағдайды жою жөнінде қажетті пәрменді шараларды қолға алды», - делінген хабарламада.
Көлік құралдары іркіліп қалған жерлерге жедел әрекет ету қызметтері (құтқару жасағы, өртке қарсы қызмет, облыс ТЖД азаматтық қорғаныс полкі) жіберілді, автожолдарды тазалау, жолдың жүріс бөлігін қардан тазарту, жол жиегіне түсіп кеткен техникаларды шығару, адамдарды көшіру және маңайдағы елді мекендерге орналастыру шаралары жүргізілді.
«10 наурыздағы сағат 11.00-дегі жағдай бойынша, Қарағанды облысының аумағында, Астана, Алматы, Павлодар бағыттарындағы республикалық жолдар қардан тазартылды», делінген хабарламада.
Жергілікті өкімет орындарының хабарына қарағанда, 7-9 наурыз күндері жолдағы қар құрсауынан 733 бірлік техника босатылды, 1860 адам көшірілді. 8-9 наурыз күндері ғана 1300-ден астам адам және 500-ден астам автокөлік құралдарды құтқарылды.
Жергілікті билік орындарының мәліметтері бойынша, үш күн ішінде барлығы 92 бірлік техника және 230-дан астам жедел қызметтер қызметкерлері іске қосылды.
«Құтқару жұмыстары Қарағанды қаласының «Солонички-Сортировка» автожолында, Шет ауданының Жарық кенті мен Ақой ауылы арасында, Абай ауданының Спасск және Ақбастау кенттері арасында, Бұқар жырау ауданының Үміткер және Керней, Жастілек және Ащысу елді мекендері арасында, Нұра ауданының «Шұбаркөл» разрезінің солтүстік-батыс учаскесінде жүргізілді. Сонымен бірге, Осакаров ауданының аумағында «Қызылорда-Павлодар автотрассасының 1014-1046-шақырымдарында қарға кептеліп қалған 250-ден астам техника және 800-ден астам адам құтқарылды», - деп көрсетілген хабарламада.
Барық жүргізіліп жатқан жұмыстар аймақ басшысының тұрақты бақылауында, деп атап көрсетеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.