Қарағанды облысында «Алтын белгіге» үміткер түлектердің жартысынан көбі білімін дәлелдеді

«3-7 маусым күндері аралығында Қарағанды облысында Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) өтті. ҰБТ өткізудің 15 пункті ұйымдастырылған. Тестілеуге 4475 түлек қатысты. Алдын ала мәліметтер бойынша, облыс бойынша орташа балл 81,9-ды құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда, орташа балл 2,5-ке өскен», - делінген хабарламада.
Аймақта ҰБТ-ның тыныш, еш оқиғасыз өткені атап өтіледі. Ведомствоның ақпаратынша, бірде бір бұзушылық анықталған жоқ.
Ең жоғары көрсеткіш - 125 балды Жезқазғандағы қазақ-түрік лицейінің түлегі Тілекберген Әшімов жинаған. Үш оқушы 123 балдан, тағы алтауы - 122 балдан жинады.
Осы арада, «Алтын белгіге» үміткер 218 оқушының 122-сі ғана білімдерін дәлелдей алған. Үздік аттестатқа үміткерлердің арасында бұл көрсеткіш одан да төмен болды - 97 түлектің 39-ы ғана білімін дәлелдеді.